Елордадағы тұрғын үйлерден су қысымының азаюы байқала бастады

Тұщы су тапшылығы ХХІ ғасырда жаһандық қатерге айналды.

БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2025 жылдан кейін жер бетінде ауыз су тапшылығы басты түйткілге айналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде бас шаһардағы тұрғын үйлерден су қысымының азаюы байқала бастаған. Ал сапасыз су ішіп отырғандар қаншама?!

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Бұл – елорда ішіндегі Өндіріс ауданының тұрғындары тұтынып отырған судың түсі. Сапасын айтпаса да түсінікті болар. Уақытпен ғана берілетін тіршілік нәрін тұрғындар амалы қалмаған соң пайдаланатынын айтады. Осы көктемнен бері жағдай тіптен ушығып кетті дейді. Себебі судың қысымы да азайған.

Рашида Гороскова, қала тұрғыны:

- Құдықты ашып көрді, қысым жоқ дейді. Жөндейді дейді. Білмеймін түсінбедім мен жақсылап. Сәуірден бастап осылай сары су, солай сағат 12-ден түнде қосылады су. Бірінші таза су ағады. Түнде барлығын істейміз, ыдыс жуамыз, кір жуамыз.

Биыл бас шаһарда тіршілік нәрі тапшы деген арыз көп айтылып жүр. Түрғындар су болса да, қысымы өте аз дейді. Қолдану үшін ыдысқа су жинайтын болған. Жауапты мекемеден мән-жайды сұрап білдік.

Ержан Шәріпов, «Астана су арнасы» МКК техникалық даму бөлімінің басшысы:

- Иә, су тапшылығы немесе су қысымы төмен аудандар бар. Біз ол мәселенің барын жоққа шығармаймыз. Қазір жаздың уақытында жаппай суды көп қолдана бастағандықтан тапшылық байқалып отыр. Ал сорғы станциясының қуаты барлық қалаға жетпейді.

Биыл еліміздің біраз облысында су тапшылығы болатынын министрлік те растады. Қазіргі сәтте барлық су қоймаларына тіршілік нәрін толтырып жатырмыз деп ақталды. Ауыз судың аз болуының себебі, қалаларда адам саны көбейіп тұтынушылар еселенді деп жауап берді. Сондықтан Қарағандыдан құбыр тарту да жоспарда бар екен.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Наурызбай Құрманғазы