Елорда іргесіндегі ауыл тұрғындарын маңындағы шаруа қожалығы әбігерге салды

Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының маңынан бірнеше ай бұрын жаңа қожалық қоныс тепкен.

Сол уақыттан бері ауыл тұрғындарынан маза кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бей-берекет жайылған мал ауылдағы бау-бақшаны бүлдіріп, қожалықтың күлімсі иісі Қараөткелге тарайды. Бірақ қожалыққа не ауыл әкімдігінің, не қала басшысының соты жүрмейді.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Дау тудырған шаруа қожалығы елорданың кіреберісіндегі Оңтүстік-Шығыс айналма жолының қос қапталында орналасқан. Қараөткел ауылының іргесінен 38 гектар жерді алып жатыр. Дәл осы аумақта қожалық қымыз, саумал сатып, этноауыл ұйымдастырмақ ниетте. Бірақ бұл жоспары ауыл тұрғындарының көңілінен шығатын емес.

Олардың айтуынша, қожалықтың малы қараусыз жүр. Бей-берекет жайылған ірі қара ауылға баса-көктеп кіріп, ауладағы бақшаны жапырады екен.

Айжан Ерденова, Қараөткел ауылының тұрғыны:

- Жайған малын қарап жүрген бақташы жоқ. Қайта-қайта қорамызға кіріп кетеді. Тезектің иісі мүңкіп тұр. Үйде кішкентай балаларым бар. Күн ыстықта терезені ашып, желдетейік десек, иісі қолқаны қабады. Тіпті ас үйдің терезесін аша алмай қалдық.

Айгерим Өтегенова, Қараөткел ауылының тұрғыны:

- Жолдың бойында жылқылар бос жүр. Ешкім қарамай, қараусыз. Егер ертең қайғылы жағдай болса, көріп отырсыз мына трассамен қанша машина жүріп жүр, ия? Сонда апат болса, кім жауапты болады?

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – әне-міне тартылғалы жатқан су құбыры. Желі тура сол шаруашылықтың аумағынан өткізілуі тиіс. Иесі рұқсат бермесе, халықтың қиналатын түрі бар. Осы мәселелерді көкейімізге түйіп, шаруашылық қожайынын іздеп барған едік. Орнында жоқ екен. Бірақ телефон қоңырауына жауап берді. Айтуынша, жерді заң бойынша жалға алған. Рұқсат құжаттары бар. Су, жол, кәріз жүйесін өткізуге қарсы емес. Малы болса, шаруашылық аумағында ғана жайылады екен.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жақсы, малыңызды көрдік. Ол дәл жолдың бойында жайылып жүр. Енді ол жолға шығып кетіп, апатты жағдай тудыруы мүмкін деп ойламайсыз ба?

Әлихан, шаруа қожалығының иесі:

- Олар жолға қарай шықпайды. Ол жолдың бойымен кетіп, ана жерде көл бар біздің ар жағымызда. Соның қасына барып жайылады. Ол жерде қоршау бар.

Иіс шығаратын тезек мәселесін де қожалықтың иесі ойластырғанын айтады. Алдымен ол арнайы қазылған шұңқырға төгіліп, кейін көлікпен әкімдік белгілеген жерге шығарылады. Десе де, қожалықтың қалайша ауыл мен республикалық тас жолының арасынан ірге тепкені түсініксіз. Қараөткел ауылының әкімі мәселеден хабардар. Бірақ...

Саят Қахатов, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:

- Бұл қаланың территориясы болғаннан кейін менің оған ешқандай құқығым жоқ кірісетін. Мен көрсетіп тұрмын ғой, біздің бас жоспар бойынша біздің шекара қызылмен боялып тұр. Жаңағы шаруа қожалығы соның сыртында тұр.

Расымен құжат жүзінде шаруашылық орналасқан аумақ Ақмола облысына емес, елордаға қарайтын боп шықты. Ал қалалық мәслихаттың 2015 жылғы шешіміне сәйкес, шаһар аумағында мал ұстаудың өз тәртібі бар. Ереже бойынша жеке тұлғаларға 2-3 бас ірі қара ұстауға рұқсат берілген. Шаруа қожалықтары да көршілерінің келісімімен қорасын малға толтыра алады. Осы ретте жайылымға қатысты сұрақ туындайды.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Шаруа қожалықтары ұстайтын малдың жайылып жүруіне рұқсат берілген бе?

Азат Тұрапбаев, қалалық ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімі басшысының м.а.:

- Жайылуға рұқсат берілмейді. Жаюға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мүлде рұқсат жоқ. Тек қана тұрақты жерде ұстау керек 

Демек, қала аумағына қарайтын шаруашылық ережені өрескел бұзып отыр. Ал малын далаға жаймаса, қорадағы тезек иісі өршімейтініне тағы ешкім кепілдік бере алмайды. Мәлім болғандай, қала әкімдігінің тиісті бақылау жүргізіп, қадағалайтын құзыреті жоқ. Сондықтан тұрғындардың экология департаментіне шағымданудан басқа амалы қалмайды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев, Асхат Қарақойшиев