Жамбыл облысында құрылыс материалдары 100%-ке қымбаттап кетті

Жамбыл облысында құрылыс материалдарының нарығы бақыланбайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағаны тұрақтандыру жұмыстары мардымсыз. Салдарынан кейбір тауардың бағасы 3 есеге дейін қымбаттап кетті. Құрылыс бастаған халық не істерін білмей дал. Ашынған жұрт біздің телеарнаға шағымданып, наразылық білдірді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жамбылда қымбатшылық жайлап барады. Бұл жолы шарықтаған баға ерекше сезіліп, жұртқа қатты батып отыр. Баспана бастаған мыңдаған адам құрылысын аяқтай алмай, арзан материал іздеп сенделіп жүр. Солардың бірі Руслан Ахатіллә. Тараздық тұрғын жыл басында үйінің іргетасын қалап, қабырғасын көтерген. Қазір қымбатшылыққа ұрынып, жұмысты мүлдем тоқтатуға мәжбүр.

Руслан Ахатіллә, Тараз қаласының тұрғыны:

- Бір аптадан кейін барсаңыз 1500 теңгенің ағашы 2200 теңге болып тұр ғой қазір. Былтыр күзде 270 теңгеден алған арматураларың бүгінгі күнде 670 теңгеден болып тұр ғой. Бір метріне. Нарықты бақылайтын ешқандай бір мониторингтік топ па, не болу керек мысалы үшін? Ондай ештеңе жоқ. Өйткені баға деген ойына келген нәрсені жасайды ғой...

Өңірдің аудандарында да дәл осындай жағдай. Жұрт баспана тұрғызам деп тірнектеп жиған ақшасын жеткізе алмай жүр. Шалғайдағы Шу ауданының тұрғыны Мақсат Шомаев та біздің телеарнаға шағымданып келген.

Мақсат Шомаев, Төле би ауылының тұрғыны:

- Амалымның жоқтығынан анау қымбаттап кеткеннен кейін мынаның жіңішкесін алдым. Мынаның өзі 1500 теңгеден. Ештеңе соға алмай отырмын. Бітірем деген ниетім бар еді. Мына түріммен үйімді бітіре алмаймын. Ортақ баға шығармай ма?! Қарапайым халыққа өте қиын болып тұр да бұл жағдай...

Сөзімізге дәлел болсын деп құрылыс материалдары сатылатын облыстағы ең ірі базарға барып көрдік. Сатушылармен сөйлесіп мән-жайды анықтауға тырыстық.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір біз темір базарға келдік. Құрылыс материалдарын сатылатын. Міне, сатушылардың өздерімен сұхбаттасып көрейік.

- Ассалаумағалейкүм аға! «Хабар24» телеарнасынан келіп тұрмыз. Темірлерлеріңіздің бағасы қандай болып жатыр?

Оразалы Қызайбеков, сатушы:

- Биыл қатты көтерілді. 100%-ке көтерілді ғой. Былтыр 6 мың теңгеден сатылған шипрларың биыл 14-15 мың.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Неге қымбат сатып жатырсыздар?

- Белгісіз. Себебін ешкім білмейді. Біз де сұраймыз зауыттан. Не үшін көтердіңіздер? Не себеп? Олар доллардың қымбаттауына байланысты дейді. Доллар көтерілген жоқ, түсті ғой десең, оған байланысты емес дейді...

Мұхит Төлепов, сатушы:

- Ешқандай бақылау болып жатқан жоқ қазір. Бізден шаруа сұрайды. Біз айтамыз, зауыт көтерді бағаны, металл көтерілді. Басқа не айтамыз. Осы жердегінің бәрінен сұрашы. Қалай зауыт қояды, бағаны солай алып жатырмыз. Жалғыз ол емес, мынау құрылыс материалының бағасы бірден көтеріліп кетті. Халықтың қолы жетпей жатыр оған шындығына келгенде...

Материалдың қымбаттауы құрылыс компанияларын да алаңдатып отыр. Күрт көтерілген бағаның салдарынан құрылысы биыл басталған 136 жобаның тұралап қалу қаупі бар. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, облыстағы 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйді салу құны биыл 100-ден 150 миллион теңгеге дейін өсіп кеткен. Бұл қымбатшылық тұрғын үй бағасына да әсер етпей қоймасы анық.

Ерлан Орынбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- Нарыққа талдау жасалды. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралып жатыр. Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жауапты қызметіне бағаның өсуіне қатысты анықтап беру жөнінде жүгіндік. Сонымен қатар заңға сәйкес мердігерлердің сметалық құжаттарына өзгерістер енгізу туралы мүмкіндік беруді сұрап отырмыз.

Қазір құрылыс басқармасы да, бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірдегі департаменті де зерттеу мен талдау жасағаннан арыға бара алмай отыр. Айтуларынша, мораторийге байланысты шағын және микро кәсіпкерлікке тексеру жүргізе алмайды. Тек зауыттар және көтерме бағамен жеткізетін ірі тауар өндірушілермен жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Бүгінгі күнге дейін бағаны негізсіз құбылту бойынша цемент пен арматураға қатысты екі дерек тіркелген.

Серік Қылышбеков, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің  облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы:

- Бұл еркін нарық болған соң мысалға әр субъект өзінің шығындарын өтей отырып, бағаларды қарайды. Өзінің құнын қояды. Бізде Жамбыл облысы болған соң өндіріс білесіздер, темір бәрі сырттан келеді.

- Бағаға кім жауап береді сонда?

- Бағаға ешкім жауап бермейді!

- Неге?

- Бұл еркін нарық қой.

- Сонда әркім өзі біле ма?

- Иә....

Қазір бағаның не себепті шарықтап кеткенін облыс бойынша ешкім мардымды түсіндіріп бере алмай отыр. Айтатын уәж біреу. «Нарық еркін» дейді. Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірдегі департаменті «бағаны тұрақтандыру, оны ұстап тұру құзырымызда жоқ нәрсе» деп түсіндірді. Қымбатшылық неден болғанын анықтау шаралары 2 айға дейін созылуы мүмкін. Толық анықталғанша «Бағаның өскені өскен» болып тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан