Сарыөзек ауылының әкімдігі мен тұрғындары балабақша ғимаратын бөлісе алмай жатыр

Қарағанды облысындағы Сарыөзек ауылының әкімдігі мен тұрғындары балабақшаға қатысты бір байламға келе алмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкім аппараты «бала аз» деген желеумен ғимараттың жартысын кеңсе қылып алған. Ал, халық «енді балаларға орын жетпей жатыр», деп наразы.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Көлемі 500 шаршы метрден асып жығылатын Сарыөзек ауылының 100 балаға шақталған балабақшасы осы. Алайда бала толық келмеген соң оның жартысына әкімдік мамандары жайғасқан, қалған жартысында балабақша қызмет етіп отыр.

Ал, бұл балабақша жағы. Карантин талаптарына сай бүлдіршіндер кеткен соң ғана кіруге рұқсат берілді. Сондықтан олардың қаншалықты қысылып отыратынын көзбен көруге мүмкіндік болған жоқ. Ауыл халқы болса «мына екі бөлмеге бала сыймай жатыр» деп шағымданады.

Береке Кәлем, Сарыөзек ауылының тұрғыны:

- Бізге «балабақшада орын жоқ» деді. Көп ата-ана бар мысалға, келеміз, «орын жоқ» дейді. Мен өзім хабарласқан едім, «әзірге орын жоқ» деді. «Тамызда болады» деді. Енді қарасам, басқа да ата-аналар бар екен. Сондықтан бізге осы балабақшаны үлкейтіп берсе болды, басқа ештеңе керек жоқ.

Солдат Баянбайұлы, Сарыөзек ауылының тұрғыны:

- Екі немерем бар, осында беріп жүрмін. Таңертең келеді, жататын жерінде 10 төсек тұр, соның алдында кішкентай орындық бар, сонда отырады күні бойы. Оны тәрбиеші қарап отырады. Сосын кешке алып қайтамыз.

Балабақша меңгерушісі тіпті тізімдегі балалардың өзі толық келмейді дейді. Олардың ата-анасы ескертілгенімен, балабақшадан шығарып жіберуге негіз жоқ. Салдарынан жаңадан бала қабылдауға тағы мүмкіндік жоқ.

Нұржан Мұсаәлім, балабақша меңгерушісі:

- Направлениесі бар балалар ғана қабылданған, 36 бала. Олар нақты келмейді.

- Балабақша 50 балаға арналған, сізде 36 бала, тағы 14 бала алатын мүмкіндік бар ма?

- Менде екі топтың кабинеті бар, мен қайда қоямын?

- Демек проблема бар ғой?

- Бар. Бөлме жетіспейді. Ол рас.

Білім бөлімі басшысының сөзінше өткен жылдары әрі кетсе 25 бала балабақшаға келіп, 30-дан астам тәрбиеші қзымет еткен. Оған бюджеттен 22 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал әкімдік пен бүлдіршіндер бір ғимаратты бөліскенде қаржының біраз бөлігі үнемделген екен.

Айнагүл Ақмағанбетова, Осакаров ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Балабақша негізі 2011 жылы 100 орынға ашылған. Халықпен келіп, бірнеше рет кездескенде халық «біз жібермейміз, төлейтін ақша жоқ» деді. Ол кезде төлем 6-7 мың теңге шамасында болды. Қазір ол 10-11 мың теңге көлемінде. Қырық бала келсе, мына жер тарлау болады, сондықтан мына жағын босатып, бұл мәселе шешіледі деп айта аламын мен.

Манарбек Досымханов, Сарыөзек селолық округі әкімінің м.а.:

- Жартысын қысқартқан соң жартысы бұзылып, қараусыз қалмасын деп бізді осында көшірді. Біз келіп, қазір жылуын, күзетін өз мойнымызға алдық. Біздің штат жұмыс жасап жатыр. Балалар келсе, сыймай жатса, өз ғимаратымызға кетіп, босатып та береміз, не екі-үш кабинет босатып береміз. Оған ешқандай сөз жоқ. Тек қана бала саны болу керек.

Білім бөлімінің ақпаратынша Сарыөзек ауылында 6 жасқа дейінгі бала саны 60-қа жуық. Оның тек тең жартысына жуығы балабақшамен қамтылған. Тағы бір тобы мектепалды даярлық сыныбына барады. Қалғаны балабақша кезегінде тұр. Бірақ ауыл жұрты бала саны басшы айтқан саннан әлде қайда көп екенін айтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев