ЭЕБ: маусымда бос жұмыс орындары түйіндемелерге қарағанда екі есе көп жарияланды

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ деректері бойынша маусым айында Электрондық еңбек биржасында 96,4 мың бос жұмыс орны және 49,2 мың түйіндеме орналастырылған болатын.

Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының саны 28%-ке, ал түйіндемелер саны 6%-ке өсті. Бос жұмыс орындарының саны елдің оңтүстік облыстарында көбірек өсті, деп хабарлайды ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

ЭЕБ-да орналастырылған бос орындардың үштен бір бөлігі (29,9 мың жұмыс орны) төмен біліктілікті талап ететін кәсіптерге жатады. Сұраныс бойынша екінші орында – өнеркәсіп жұмысшылары – 16% немесе 15,8 мың жұмыс орны, үшінші орында – кәсіби мамандар – 15% немесе 14,6 мың жұмыс орны.

Салаларға келетін болсақ, маусым айында орналастырылған бос орындарының жалпы көлеміне өзге де қызметтер, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары негізгі үлес қосты. Осылайша осы үш саланың кәсіпорындары бір ай ішінде 20 мыңнан астам бос жұмыс орнын жариялады.

Егер бос орындардың айлық серпінін қарастыратын болсақ, өткен аймен салыстырғанда бос орындар санының максималды өсімі білікті емес жұмысшыларға (+7,9 мың), өнеркәсіп жұмысшыларына (+3,9 мың), сондай-ақ қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлерге (+2,9 мың) келеді.

Атап айтқанда, біліктіліктің болуын талап етпейтін кәсіптер арасында бір ай ішінде қосалқы жұмысшыларға, көгалдандыру жөніндегі жұмысшыларға, әртүрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын жұмысшыларға сұраныс артты, өйткені ауыл шаруашылығы мен құрылыста маусымдық жұмыстар жанданды. Өнеркәсіп жұмысшылары арасында тігіншілер, слесарь-жөндеушілер, автослесарьлар және электромонтерларға сұраныс көбірек өсті, ал қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлер арасында күзетшілерге, аспазшыларға және тәрбиешілердің көмекшілеріне сұраныс артты.

Жекелеген білікті мамандықтарды қарастыра отырып, маусым айында білікті кәсіптер арасында консультант-сатушылар (323 түйіндеме және 1581 бос жұмыс орны), автомобиль жүргізушілері (872 түйіндеме және 1854 бос жұмыс орны) жетіспейтінін атап өткен жөн. Мейірбикелерге/мейіргерлерге деген сұраныс еңбек нарығындағы ұсыныстан әлі де бұрынғысындай асып түседі (628 түйіндеме және 1249 бос жұмыс орны). Біліктілігі жоқ қызметкерлердің арасында жүк тиеушілер, қосалқы жұмысшылар, түрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын адамдар, ас үй жұмысшылары жетіспейді. Маусым айында ең тапшы мамандықтар қатарына біліктілігі жоқ құрылыс жұмысшылары мен ферма шаруашылығындағы түрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын жұмысшылар қосылды.

Маусым айында білікті кәсіптер арасында мал өсірушілер (1204 түйіндеме және 320 бос жұмыс орны), заңгерлер (539 түйіндеме және 254 бос жұмыс орны) артық болды. Ағымдағы жылдың алдыңғы айларынан айырмашылығы, маусым айында артық мамандықтар тізіміне фирма директорлары (236 түйіндеме және 9 бос жұмыс орны) және техник-бағдарламашылар (210 түйіндеме және 53 бос жұмыс орны) кірді. Біліктіліктің болуын талап етпейтін кәсіптер арасында елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмысшылар, вахтерлер мен консьерждер, курьерлер, сондай-ақ аумақтарды абаттандыру бойынша жұмысшылар сұранысқа ие емес.

Өңірлік бөліністе өткен айлардағыдай бос жұмыс орындарының ең көп саны Қостанай, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жарияланды. Жоғарыда аталған екі мегаполиске қарағанда, Шымкент қаласында маусым айында елдегі бос орындардың ең аз саны – барлығы 2410 бірлік немесе бос орындардың жалпы санының 2%-і ғана орналастырылған.

Өңірлер бойынша бос орындар серпіні көрсетіп отырғандай, бір ай ішінде бос орындар санының ең көп өсуі оңтүстік облыстарда – Жамбыл (+84%), Қызылорда (+70%) және Түркістан (+62%) облыстарында байқалады. Барлық үш өңірде қосалқы жұмысшылар аса тапшы болды, бұл ретте Жамбыл облысында бос жұмыс орындарының саны түйіндемеге қарағанда екі есе көп болды. Жамбыл облысында қосалқы жұмысшылармен қатар консультант-сатушылар мен күзетшілер, Қызылорда облысында – түрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын адамдар, электр және басқа да қондырғыларды бақылаушылар, Түркістан облысында – түрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын адамдар, соның ішінде фермерлік шаруашылықтағы жұмысшылар сұранысқа ие болды. Оңтүстік аймақтарда жұмыс күшінің жетіспеушілігі факторларының бірі коронавирустық инфекцияға байланысты көрші елдерден маусымдық мигранттарды тартудағы қиындықтар болуы мүмкін.

Орналастырылған түйіндемелерге қатысты ЕРДО талдаушылары елдің 8 өңірінде түйіндемелер санының артқанын атап өтті, ең үлкен өсім (+63%) Ақтөбе облысында байқалды. Сонымен қатар, ел бойынша түйіндемелердің ең үлкен өсуі қосалқы жұмысшылар, көгалдандыру бойынша жұмысшылар, елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмысшылар және түрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын жұмысшылар сияқты біліктілікті талап етпейтін кәсіптер бойынша байқалады. Білікті қызметкерлер арасында түйіндеменің ең көп өсуі тәрбиешілерде, компания директорларында және консультант-сатушыларда байқалады.

Жалпы алғанда, қажетті біліктілік деңгейі бойынша нарықтағы сұраныс ұсынысты қанағаттандырады және қызмет көрсету, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы экономикалық қызметтің қарқындылығын көрсетеді.