ҰҚК халықаралық есірткі ағынының жолын кесті

Ауғанстандағы тұрақсыз ахуал Орталық Азия елдері арқылы Ресей мен Еуропаға есірткі ағынының жандануына ықпал етуде.

Осындай жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2021 жылғы маусымда шетел серіктестерімен өзара іс-қимылда Қырғызстан мен Өзбекстаннан Қазақстанға апиын есірткісін контрабандалық жеткізу арналарының жолын кесу бойынша екі халықаралық операцияны іске асырды.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, арнайы операция нәтижесінде 12,3 кг ауыр есірткі құралының Қазақстанға келіп түсуіне жол берілмеді. Өзбекстан мен Қазақстан аумағында трансұлттық құрылымдардың 4 қатысушысы қылмыс үстінде ұсталды.

Қырғыз Республикасынан жеткізілген есірткіні жасырын орыннан алу кезінде Тараз қ. есірткі курьері – бұрын осыған ұқсас есірткі қылмысын жасағаны үшін сотталған Қазақстан Республикасының «А» деген азаматы ұсталды.

Фигуранттар кінәларын мойындап, тергеумен ынтымақтасуда.

Есірткі қылмысы үшін жоғары мерзім 20 жыл не мүлкін тәркілеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Есірткі трафигіне қатысы бар өзге де адамдарды анықтау бойынша тергеу-жедел іс-шаралары жалғасуда.