Петропавлда екі пәтерлі үй өртеніп, екі адам мерт болды

Петропавлда екі пәтерлі үйдің жартысы өртеніп, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдай қала шетіндегі «Жұмысшы кенті» ауданында тіркелді. Құтқарушылар қызыл жалынды сөндіру кезінде 1944 жылғы ер азаматпен 1985 жылғы әйелдің денесін тауып алды. Абырой болғанда, екі жасөспірім қызыл жалын басталған кезде өз беттерімен қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Алдын ала болжам бойынша өрт темекі тұқылынан болуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері шахарда 109 өрт оқиғасы болып, 11 адам мерт болған. Келтірілген материалдық шығын 14 миллион теңгеден асты.

Гүлмауғиза Жанмұхамбетова, қала тұрғыны:

- Енді расында да қазір далада қалды. Баратын жерлері жоқ. Менің үйімде бір жұма тұрар 10 күн тұрар, сіңлімнің үйінде 10 күн тұрар. Бәрі бір жерде бытырап тұра алмайды ғой, ана жер мына жерде шашылып. Енді барлық нәрсесін құдасы мен құдағиының үйіне гаражға апарып қояды. Енді одан басқа выход жоқ.

Әзімхан Мерғасимов, қалалық ТЖБ басшысының уақытша міндетін атқарушы:

- Қайтыс болған 1944 жылғы азамат өздігімен жүре алмаған. Сәйкесінше үйде отырып темекі шеккен. Салдарынан төсек орын тұтанады. Бірақ өздері сөндіргендей болыпты. Дегенмен ол бықсып, жалын қайта күшейген. Үй- екі пәтерлі. Шатырымен қабырғасын ауыстыру қажет. Жалпы аталған баспана осымен үшінші рет отқа оранып отыр.