Днепрде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Қазақстан астанасының туған күніне орай Украинаның Днепр қаласында мемлекетіміздің осы аймақтағы Құрметті консулдығыны ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дипломатиялық корпусты кәсіпкер Инна Медяник басқаратын болады. Салтанатты шара Қарағанды облысы мәслихаты делегациясының Украинаға үш күнге созылған ресми сапарымен тұспа-тұс келді. Сапардың ең алғашқы күні қазақстандық тарап Днепропетровск өңірінде жерлерген Алғадай Жамбылұлын үнсіз еске алып, зират басына гүл шоқтарын қойды. Алғадай – қазақтың жыр алыбы, көрнекті ақыны Жамбыл Жабаевтың туған ұлы. Ол 1943 жылы Украинаның Синельников қаласы үшін болған қан майданда қаза болған. Сапардың екінші күні Қарағанды облысы мәслихаты мен Днепропетровск өңірінің кеңесі «Ұзақмерзімді ынтымақтастық» туралы екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл құжат қос өңірдің арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық байланысты бекемдей түспек. Атап өту керек, Қарағанды облысы Тәтімбет атындағы  Қазақ халық аспаптары оркестрі жергілікті халыққа ән мен күйден шашу шашты.