424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада мектеп жетіспеушілігі мәселесі қалай шешіліп жатыр

  • 92
  • UPD: 14:59, 08.07.2021
Елордада мектеп жетіспеушілігі мәселесі қалай шешіліп жатыр

Елорда басшылығы қаладағы әлеуметтік проблемалардың бірі – мектеп жетіспеушілігін ақырындап шешіп келеді.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 130 оқу орны жұмыс істейді, онда 200 мыңға жуық оқушы бар. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасында көрсетілген «Біздің елордамыз» фильмінде қозғалып өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

2019 жылы еліміздің бас қаласында үш ауысымда оқитын сегіз мектеп болатын, ал 2020 жылы олардың саны екі есе азайды. Оқу орындарының шамадан тыс жұмыс істеу проблемасы айтарлықтай азайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында соңғы екі жылда қаланың түрлі ауданында 12 мыңнан астам оқушыға арналған 18 білім беру нысаны ашылды.

Елордада 2021 жылы тағы 15 мектеп мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен де, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және жеке инвестициялар көзінен де салынатын болады.

Қабылданып жатқан шаралар елордадағы мектептердің жетіспеушілік проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

«Елорда осындай көлемде ғана салынады деген нақты жоспар белгіленген жоқ. Қаламыз күн санап өсіп келеді, тиісінше мектептер жетіспейді. Айта кетерлік мәселе, тапшылықты азайту қажет. Бұл қиындықтың алдын алу үшін көбірек мектеп салынып жатыр. Қазіргі Нұр-Сұлтан ендігі 20 жылдан кейін үлкейіп, әуежайымыз Лондондағыдай қала орталығында болуы мүмкін. Қаланың өсіп келе жатқанын сезіну керек. Әкімдік атқарып жатқан шаруаларға көз салсақ, бәрі дер кезінде жүргізіліп жатқанын байқауға болады. Биыл 16 мектеп салынады, бұл үлкен жетістік деп санаймын», - деп атап өтті саясаттанушы Самат Нұртаза.

Еске сала кетейік, жақында елордада бірнеше әлеуметтік нысан ашылды. Олардың арасында көзі нашар көретін балаларға арналған мамандандырылған балабақша да бар.

Балабақшада тәрбиешілермен қатар медицина қызметкерлері де жұмыс істейді. Бұл баланың физикалық, психикалық даму ерекшеліктерін, жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін ескере отырып, баланы жан-жақты дамытуға, мектепке дайындығын қамтамасыз етеді. Мекемеде физиотерапия, логопед-дефектолог, офтальмолог және т.б. кабинеттер бар.

Осыған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов қалада оқу орындарының құрылысына көп көңіл бөлінетінін атап өткен болатын.

«Мысалы Алматы ауданында 2400 орындық мектеп салынып, ашылуға дайын (екі ауысымда, Майқайың мен А 351 көшелерінің қиылысы). Оқу орнында инклюзия, «Абайтану», «STEM», «Интеллектум» кабинеттері және бейнесабақтарды түсіруге арналған студия бар. Бұл балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Елордада алдағы 5 жылға 67 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оқу орындарының құрылысына да жеке инвестиция тартылады», - деді әкім.

Хабар 24 телеарнасы