Елордада жаңадан ашылған емхана жұмысын тоқтатып, халықты сабылтып жіберді

Елордада су жаңа емхана жұмысын тоқтатып, жергілікті тұрғындарды сандалтып жіберді. Медициналық мекеме ештеңе түсіндірместен есігін жауып алған. Ал дәрігер қабылдауына жазылып қойған адамдар не істерін білмей аң-таң.  

Елордадағы ауруханалардың бірі. Медициналық мекемені осы жаздың басында салтанатты түрде қолданысқа берген еді. Енді міне есігіне құлып іліп тастаған. Себебі белгісіз. Ешкім тұшымды жауап бермеді. 

БЛИЦ:

- Уақыты бойынша келіп тұрмын.

- Жабық.

Дәрігер қабылдауына келгендер осылай сандалуға мәжбүр. Өйткені емхана есігін ашпайды. Ал байланыс орталығына хабарласу мүмкін емес. Тек бір тәулік өткеннен кейін ғана техникалық ақауларға байланысты деген жауап алдық. Бірақ тағы да нақты нендей себеп екенін ашып айтпайды.

Алмат Ерманов, «Салауатты Астана» ЖШС директоры:

- Ғимараттың иесі техникалық себепке байланысты деді. Біз медицина саласында жүргендіктен техника жағынан көп хабарымыз жоқ. Уақытша деді. Кепілдік берді медициналық ғимарат сол ғимаратта болады. 

Айта кету керек, бұл елордадағы ауруханалардың жұмысына қатысты алғашқы дау емес. Әлеуметтік желіде емдеу мекемелерін жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Жауапты басқарманың баспасөз хатшысы мұны былай түсіндірді.

Әйгерім Темірболатова, қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Науқастар санының артуына байланысты біз тағы 2 стационарды инфекциялық стационар ретінде бейімдеуге мәжбүр болдық. Бұл қалалық психикалық денсаулық орталығы және әскери госпиталь. Жалпы қуаттылығы 300 төсек орыны. 

«Емхананың жұмысын тоқтатуы не мақсатын өзгертуіне қатысты ақпарат жергілікті тұрғындарға ескертіледі» дейді сала маманы. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша екеніне көз жеткізді соңғы жағдай. 

Аслан Қаженов, Асхат Каракойшиев, Жаркын Мырзахан