424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ковид жұққан ерлі-зайыпты мобильді топты бір апта күткен. Ахуал соншалық күрделі ме?

  • 181
  • UPD: 23:21, 08.07.2021

Ауырып үйден шыға алмаған жұп бірнеше рет қоңырау шалып, шағым түсірді. Ақыры мамандар жетінші күні жеткен екен. Елордада эпидахуалдың көңіл көншітпей тұрғаны баршаға мәлім. Мобильді топтардың жұмысы қарбалас екені де түсінікті.

Десе де, жағдай соншалықты ушығып тұр ма?

Бас шаһардың тұрғыны Мира Біләлова мен оның жұбайының халі маусымның 29-ы күні күрт нашарлады. Дене қызуы көтеріліп, тұла бойды әлсіздік билеп, іштері айныған. Бірден өздерінің емханаларына хабарласып, ауырып тұрғандарын жеткізеді. Үйден шықпауға кеңес берген тіркеу бөлімінің маманы мобильді бригаданы шақырту өтінішін қабылдайды. Алайда үш күнде ешкім келмеді.

Мира Біләлова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Шілденің үші күні медициналық жәрдемнің келмегенін айтып шағым түсірдім. 4-і күні дене қызуымыз сәл түсті де күйеуім екеуіміз бірден жекеменшік емханаға тарттық. Сол жерде ПТР тест тапсырдық. 5-сі күні нәтижесі дайын болды. Қарасақ, қүйеуімнің нәтижесі оң екен.

Осыдан кейін Мира Біләлова емханасына қайта хабарласып, жолдасының коронавирус жұқтырғанын жеткізеді. Ал зарыға күткен мобильді бригада тек жетінші күні жетеді. Қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі келтіргендей, бүгінде 250 мобильді бригада қызмет көрсетеді. Бірақ шақыртулар саны күн сайын еселеніп барады. Ал Мира Біләловаға қатысты дерек міндетті түрде қаралып, салғырттыққа салынғандар әкімшілік жауапқа тартылады деп сендірді құзыретті орган өкілі.

Айнұр Төлеуова, қалалық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің жетекшісі: 

- Ия, өкінішке орай, мұндай жағдайлар оқта-текте болып тұрады. Бірақ қаншалықты жиі болатынын айта алмаймын. Науқас өзін жайсыз сезіне бастағанда бірден емханасындағы фильтр кабинетке баруы тиіс. Емханада ПТР нәтижесі оң болса, науқасты емхана бірден есепке алады.

Ал егер жағдай тіптен нашар болса, онда мобильді бригада үш күннің ішінде келіп, жәрдем көрсетуі тиіс. Айнұр Төлеуова келтіргендей, шақыртулар саны алдағы уақытта артуы бек мүмкін. Себебі өткен демалыста елордалықтарды Көкшетауға жаппай ағылған еді. Бурабай синдромы эпидахуалға оң ықпалын тигізе қоймасы анық. Салдарынан медицина қызметкерлерінің жұмыс жүктемесі артып, халыққа қызмет көрсетуі қиындай түсуі де ғажап емес.

Бақыт Топтаева, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы