424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлытау ауданында өрттің өршуі басылды

  • 105
  • UPD: 23:02, 08.07.2021

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында алапат өрт жұртты әбігерге салды. 3 елді мекенде төтенше жағдай режимі сақталып, Пионер ауылындағы жедел штабқа әскерилер тартылды. Қазір аудан бойынша бірнеше қауіпті аймақ бақылауға алынған.

Бұл Ұлытау ауданына қарасты Пионер деп аталатын шағын ауыл. Іргеге соңғы бір аптада шатырлар тігіліп, 200-ге жуық құтқарушы келген. Бірі келсе бірі кетіп жатқан өрт сөндіргіш техниканың да 20-дан астамы осында. Тек Жангелді мен Пионер маңында 28 мың гектар жер қызыл жалын құрсауында қалған. 

Тайып Балғазинов, Пионер ауылының тұрғыны:

- Жердің бәрі түгел кетті. Шабындық та кетті. Енді малды сатамыз. УАЗ-бен балалар барды, қаладағы балалар келді күндіз-түні жүрді міне.

Жедел штабқа Нұр-Сұлтан қалсынан ғарыштық бақылау арқылы жақын жерде тағы бір өрттің ошағы көрінгені туралы ақпарат келді. Штаб басшысы өрттен бір сәт тыным таппай, енді түскі асқа отыра берген жасақты қайтадан өртті сөндіруге жіберді. Міне тас-түйін отырған өрт сөндірушілер тағы да оқиға орнында. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қазір ең қауіп төндіріп тұрған, көлемі үлкен осы біз тұрған жер. Негізі таңертең өрт сөндірушілер бұл жерді сөндіріп кеткен. Бірақ қатты жел тұрып, малдың қиы мен тезек қайта тұтанып, қайтадан отқа оранған. Қазір ауа райының күрт ысып, ал жаңбырдың болмауы жұмысты едәуір қиындатып тұр.

Дала өртін сөндіруде ең қиыны су тасу. Себебі жолсыз жерде әкелген екі-үш тонна су бірнеше мәртте бүркігеннен қалмайды. Қазір Жангелді мен Пионердегі өртті сөндіруге 7 бригада жасақталған. Әрбірінде 30-ға жуық адам, 2-3 техника бар. 

Сұлтан Ахметов, Жезқазған қаласы ТЖБ Басшысының орынбасары:

- Қатты желмен кепкен жерге барып жаңа өрт болып жатыр. Оны күндіз-түні қарап өшіріп жатырмыз. Қазір қауіпті жер Байқоңырда. Онда да біздің адамдар бар. Таңертең локализациясы болды. 

Дияр Тоқтағанов, 52859 әскери бөлімінің сарбазы:

- 24 сағат жұмыс істейміз. Соның кесірінен кішкене әлсіздік бар. Бірақ бізді осындай жұмыстарға дайындады. Бар күшімізді осы ТЖ-ға салып жатырмыз. 

Ұлытаудың жазы ыстық болғандықтан  өрт болып тұрады. Бірақ тілсіз жаудың халықты осынша әбігерге салғаны бірінші рет. Көнекөздер соңғы 30 жыл бойы өрттің жан-жақтан бір мезетте лап қоюы болмаған деп таңданып отыр. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы