Ақтөбе көшелері толассыз жауыннан көл-көсір су болды

Ақтөбеде жауын толастамай тұр. Күн райының қолайсыздығы жұртты әбігерге салып, қозғалысты қиындатып жіберді. Су басқан көшелер мен жаяу жүргіншелер жолын тазартуға тартылған техника күні-түні жұмыс істейді.

Мамандардың есебінше, қала аумағына соңғы екі тәулікте үш айлық мөлшердегі жауын-шашын түскен. 

Орынбай Нұғыманов өзі тұратын көп қабатты үйдің жертөлесін судан тазартуға бозала таңда кіріскен. Алдымен шелектеп тасып, кейін шағын қондырғыны іске қосады. Соның өзінде көшеден келген суды тек түстен кейін ғана толық шығарып бітірді. Осы уақыт аралығында 72 пәтерлі бұл үйдің жертөлесіндегі суды соруға ешқандай техника келмеген.

Орынбай Нұғыманов, қала тұрғыны:

- Бүкіл көшенің суы бізге құйылады. Мына жерді көріп тұрсыңдар ғой қазан сияқты сай. Қайда кетеді ол? Подвалға кетеді және подъездге кетеді. Жылда осылай, бес машина щебень төктік. Өзіміз төктік жалдап. Мына өзім бір машина баласт әкеліп төктірдім. 16 мыңға алдық.

Ауласы мен жертөлесін су басқан үйлерді қаланың бірнеше бөлігінен кездестіруге болады. Оған қоса қатты желдің салдарынан құлаған тал, теректер де әр жерде жатыр. Ал су басқан жолдар мен жаяу жүргіншілер жолағы тұрғындардың қозғалысын қиындатып жіберді. Әсіресе жеңіл көліктер жүрсе су бел ортасынан келетін көшелерде кептеліс көп.

Мақсат Бекеев, қала тұрғыны:

- Мына судан өте алмай көлігім сөніп қалды. Бұл маңды шалшық емес, көл дер едім. Және таңқалатыным ешкім көмекке келмеді. Сондықтан балағымды түріп, сыртқа шықтым. 

Қазір соңғы екі күнде жауған жауын-шашынның салдары анықталып жатыр. Әзірге белгілісі, тал-теректердің құлап, электр желілерінің үзілуінен үш шағын ауданда өшкен жарық мәселесі шешілген. Қаланы судан тазарту үшін арнайы техниканың жұмысы бір жүйеге келтірілді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жағдай бақылауда. Қажет болса қосымша күш те тартылмақ.

Серік Дәулетов, қала әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бөлімі басшысы:

- Қала аумағында бес насостық станциямыз бар. «Автовокзал», «Москва» аудандарында. Солар да кеше таңғы төртте іске қосылды. 20-25-тей адам қаладағы арықтарды тазалау жұмыстарына жұмылдырылып отыр. Күндіз-түні жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, Ақтөбеде соңғы 4-5 жылда толассыз жаңбыр жауған емес. Екі күнде түскен жауынның мөлшері үш айлық мөлшерге тең. Ауа райын болжаушы синоптиктер тағы бірер тәулік күн райы бұлтты болатынын ескерткен.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев