СҚО-да Бескөл ауылы орталық жылу желісіне қосыла алмай отыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары орталық қазандықтың қызығын көре алмай келеді. Петропавлдан небәрі 10 шақырым жерде орналасқан елді мекенде 30-дан астам көп қабатты тұрғын үй жылуға қосылмаған. Жоба 4-5 жыл бұрын басталған. 

- Вот печка наше стоит. В эту печку мы затаскиваем дров.  

Сексеннің сеңгіріне шыққан Антонина Иванова қыс келсе пешпен арпалысады. Үш бөлмелі пәтерін жылыту үшін от жағып күлін шығарады. Осылай жүргеніне 30 жылдай уақыт болған. Енді биыл судан да таршылық көріп отыр. 

Антонина Иванова, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Біздің үйде 27 пәтер бар. Қыста бәрі пеш жағады. Ол түтіндейді. Кейде уланып қаламыз ба деп қорқамыз. Оның үстіне екінші қабатқа отын тасу қиын маған. Шаршадық. 

Тұрғындардың бәрі шаршаған. Себебі халықтың көбі зейнет жасындағылар. Олар жылда орталықтандырылған жылуға қосыламыз деген үмітте.   

Валентина Щелкунова, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Былтыр жылу беріледі деп сендірді. Салдарынан қазан-қараша айларына дейін тостық. Ешқайсымыз отын-көмір алмадық. Кейін қыста аяғымыз бір етікке тығылды. Биыл да солай болайын деп тұр.  

Негізінен мұнда осыдан төрт жыл бұрын жылу құбыры төселіпті. Бірақ ол қатты қысымға шыдас бермеген. Кейін желі сол күйі жаңартылмай қалған.   

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бұл жастар көшесі. Бескөл ауылының қақ ортасында орналасқан. Мұнда жеке тұрғын үйлермен қатар көп қабатты баспаналар да бар. Халық бірнеше жылдан бері орталықтандырылған жылуға қосыла алмай келеді. Дегенмен, бір қызығы аудандық білім бөлімі қазандықтың қызығын көріп отыр.

Жылудың қашан берілетінін ауыл әкімі де дөп басып айта алмады. Оның сөзінше бірінші кезекте қазандықты жөндеу қажет.

Мәулен Қасымғожин, Бескөл ауылы әкімінің міндетін атқарушы:

- 52 үйге жылу берілді. Тағы 30 шақтысы кезекте тұр. Сондықтан алдымен орталық қазандықты жаңғырту керек. Оған 120 миллион теңгедей қаражат қажет. Біз мамыр айында құжаттарды рәсімдеп жоғарыға жібердік. Бірақ ол қағаз әлі күнге мақұлданбады. 

Кезек күткен халық қазір не қысқа қамданарын, не пәтерлерін жылуға қосу үшін арнайы қондырғылар сатып аларын білмей дал.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев