М.Әшімбаев: АШМ әкімдермен бірлесіп тиісті шараларды жедел түрде қолға алуы қажет

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікке жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл туралы жұмыс сапарымен Алматы облысына барған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. Ол аймақтың және Алматы қаласының кәсіпкерлерімен кездесті. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның өңірде іске асырылу барысымен танысты.

Сенат Спикері сапар аясында аграрлық бағытта табысты жұмыс істеп отырған көп салалы «Байсерке-Агро» компаниясына ат басын бұрды. Ондағы ғылыми-өндірістік оқыту орталығына барып, зерттеу жұмыстарымен танысты. Кездесу барысында Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын баса айтты. Сонымен қатар елді алаңдатып отырған қуаңшылық мәселесіне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті шаралар қабылдау қажет екенін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Биыл еліміздің Маңғыстау, Қызылорда, Алматы және басқа да облыстарында қуаңшылық белең алып тұрғанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл дабыл қағарлық жағдай. Соның салдарынан қазір шабындықтар мен егістіктердің жағдайы өте нашар. Сондықтан үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті әкімдермен бірлесіп тиісті шараларды өте жедел түрде қолға алу қажет деп есептейміз.

Жоғарғы Палата Спикері соңғы жылдарда әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикалық дамудағы ролін ерекше атады. Жаңа бағыттардың бірі болғандықтан оның болашағы зор. Бүгінде мемлекет тарапынан саланы жетілдіруге жіті көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін заң қабылданған. Өз ісін дөңгелетіп отырғандарға салық жеңілдіктері де бар. Яғни мемлекет көмегін аямайды.

Жеңісгүл Дәулетова, әлеуметтік кәсіпкер:

- Өткенде әкімшілікке барғанда айттым. Сіздерден аспаннан ешнәрсе сұрамаймыз. Біздің Президентіміз ұсынған, қай жерде мүмкіндік бар, мен мысалы, шеберлер орталығын ашқым келеді. Ауыл, қала болсын мүмкіндігі жоқ тұрғындар бар ғой. Соларға жұмысты бөліп бергім келіп армандадым. Мынаның бәрін толтырдым ғой. Бүкіл технологияны жасадым. Енді соны таратсам деймін халыққа. 

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі қолдау үшін маңызды қадам жасалған. Алдағы уақытта сенаторлар бұл саланы одан әрі демеуге арналған жаңа тетіктер ұсынуға дайын. 

Айнұр Қуатқызы