Қызылордада облыстық ҚХА-ның ХХIІІ сессиясы өтті

2020 жылы әлемді құрсауына алған пандемия кезінде халқымыз індетті еңсеру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Ортақ істің бел ортасында болған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері үлкен қолдау көрсетті.

«Бірлік пен бейбітшіліктің 30 жылы» атты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIІІ сессиясында этносаралық татулық ерекше аталды. Қызылорда Облыстық Ассамблеясының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен өткен жиында алдағы міндеттер де талқыланды.

Іргелі мемлекет атануымызда бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарына негізделген Қазақстан халқы Ассамблеясының ролі ерекше. Бүгінде Алаштың анасына баланған Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осы ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қазақстандық патриотизм, мемлекеттік тілдің біріктіруші ролін арттыру бағытында нақты шаралар қабылдану қажет екендігін айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Халқымыздың «Тірлік басқа болса да тілек бір. Бармақ басқа болса да білек бір» деген дана сөздерінің астарлы мазмұнына таңқалмасқа болмас. Қазақстан Халқы Ассамблеясы тәуелсіздігімізді нығайтуда, заманауи конституцияны қабылдауда, экономикалық реформалар жүргізуде, қоғамның әлеуметтік және саяси негізін жаңғыртуда айрықша роль атқарды.

Сессияда этносаралық қарым-қатынас пен волонтерлікті үйлестіру және мемлекеттік тілді үйрену орталықтары ретінде Достық үйлерінің жұмысын күшейту қажеттігі сөз болды. Сондай-ақ тәуелсіздікті нығайтуда ұлтаралық қоғамдық институт мүшелерінің сіңірген еңбегі ерекше әспеттелді. 

Олег Ким, облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігері: 

- Тәуелсіздік жылдары аймақ медицинасы үлкен жетістіктерге жетті. Заманауи емдік қондырғылары бар алып кешендер ашылды. Соның арқасында ана мен бала өлімін едәуір азайттық. 

Облыстық Ассамблеяның XХІІІ сессиясын қорытындылаған аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова ел тұрақтылығын сақтауға байланысты вакциналау жұмыстарын насихаттауға және қуаңшылық кезеңінде елді бірлікке шақыруда Ассамблеяның орыны ерекше екенін назарға салды.

Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев