ШҚО: тұрғындар техникалық суды ауыз су ретінде қолданып келеді

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында бірнеше ықшам аудан тұрғындары техникалық суды ауыз су ретінде қолданып келеді.

Жаз бойы осылай амалдаған жұрт, күзде мұндай мүмкіндіктен де қағылады. Өйткені бұл уақытта судың сапасы төмендеп кететін көрінеді. Сондықтан халық таза ауыз суды сатып алуға мәжбүр. Мұң шаққалы отыз жыл өтті. Тіпті орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылғандардың да жағдайы мәз емес. Өйткені 80 проценті тозып тұрған құбырдан су алады. Ал шіріген ескі құбырдан ақау шығатын күндер көп дейді халық.

Жасы тоқсанға таяған Владимир Романов таза тіршілік нәріне зар. Қарияның айтуынша, өз тұрып жатқан Хайрузовский көшесіне ешқашан су құбыры тартылмапты. Сондықтан 30 жылдан бері тау-кен байыту кәсіпорны өз қажеті үшін тартқан техникалық суды қолданып келеді. Ішуге жарамсыз болса да, осыны қанағат тұтуда.

Владимир Романов, Риддер қаласының тұрғыны:

– Бірден ішуге жарамайды. Алдымен қайнатып, содан кейін ғана тұтынасың. Әйтпесе, асқазанды құртары анық. Бірақ қалай қайнатып ішсек те, таза ауыз суға жетпейді ғой.

Көпшілік ішер суды қаладағы колонкалардан немесе дүкеннен сатып алып жүр. Өзге ықшам аудандардағы халықтың да кезенесі кеуіп қалатын күндер көп. Өйткені құбырдың 80 проценті тозып тұр. Осыған орай қазір су құбыры желісін қайта қалыпқа келтіру және су бағытын бұру бойынша үлкен жоба басталды.

Дархан Қосантаев, Риддер қаласы әкімі аппаратының басшысы:

– Риддер қалалық су құбыры 80-100 процент ескірген. Мөлшері 48 км су құбыры болады, 6,5 км канализация, оның бәрін жөндеп жатыр,Үкіметтен осы жобаға 3,4 миллиард теңге бөлінді.

Сөйтіп ескі құбырлар алынып, жаңасы салынып жатыр. Шаруа басында 9 бірлік экскаватор жүр. Бастысы – құрылысты мерзімінде аяқтау.

Павел Ларионов, құрылыс участогінің бастығы:

– Жұмыс өте ауыр әрі ауқымды. Жер бедері қиын. Елді мекендердің ішінде де, далалы алқапта да істеуге тура келеді. Ең жуан құбырларды ауыстырып жатырмыз.

Егер бұл жоба сәтімен аяқталса, құбыр жаңарып қана қоймай, техникалық суға қарап отырған мыңнан астам тұрғын таза суға  қарық болады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабақанов

 

Сондай-ақ...