Шымкентте өзен-көлдер мен су қоймалары тартылып жатыр

Елде қуаңшылық жайлап, өзен-көлдер мен су қоймалары тартылып жатыр.

Шымкент қаласының іргесіндегі Тоғыс су қоймасының деңгейі 40 процентке төмендеп, қазіргі ахуалы күрт нашарлады. Аптап ыстықта онсыз да жетіспей тұрған су ауыл шаруашылық еңбеккелерінің жүйесін жұқартты. Елді мекендерде арық-атыздар сусыз қалып, егін және мал шаруашылығына қиындық тудырды.

Қыс мезгілі кетіп, көктем келгенде су сақтау орнында арнасынан тасу қаупі байқалған-ды. Ал қазір керісінше кеуіп тұр. Бір уақытта 5 млн текше метрге жетер-жетпес су қабылдай алатын алып кешенде небәрі 331 мың текше метр ғана қор қалды.

Жанұзақ Сәрсенов, «Бадам-Су» өндірістік бөлімшесі басшысының м.а.:

– Биыл судың тапшылығы алдын-ала байқалғандықтан Арал-Сырдария инспекциясының  келісімімен жылдағы лимитке қарағанда 20%-ке дейін қысқартылып отыр. Сол қысқартылған 20% лимитпен тұтынушыларға беріп отырмыз.

Мамандар су мөлшерінің күрт төмендеуін жауын-шашынның аз түсуі мен аптап ыстықтың салдарынан деп отыр. Фосфор зауыты мен индустриалды аймақ, Елтай елді мекені мен кіші және орта шаруа қожалықтары енді төмендетілген лимитті місе тұтуға мәжбүр.

Жанұзақ Сәрсенов, «Бадам-Су» өндірістік бөлімшесі басшысының м.а.:

– Біздің су толтыру кезегіміз 10 шілдеге келіп отыр. Сол бойынша су қойманы бұрынғы орташа пайдалану деңгейіне келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Ал қала іргесіндегі Елтай елдімекендегі жағдай тіпті қиын. Арыққа су келмегелі көп болды. Салдарынан тұрғындар қорасындағы түлігін ауыз су құбырындағы тіршілік көзінен жырып суарып отыр.

Әлібек Оразбаев, Елтай елді мекенінің тұрғыны

Қазіргі күні каналда мүлдем су жоқ. Былтыр жақсы еді. Бақшамызда да су тапшы болып жатыр.

Тұтынушылардан осы уақытқа дейін арыз-шағым тіркелмеді. Есесіне су қоймасына іргелес демалыс аймағына шағымданушылар көп. Қаланың 40 градус ыстығынан қашып, суға түскісі келетіндердің көңілі толмай қайту дерегі көбейіпті.  

Наталья Шестакова, демалыс аймағының әкімшісі:

Су деңгейі төмендеді. Салдарынан булану, шөптен шыққан жағымсыз иіс пайда болды. Түрлі шағымдар көбейіп кетті. Бірақ бұл жағдай бізге байланысты емес. Оны ешкім түсінбейді. Су деңгейінің көтеріліп, бұрынғыша болғанын бізде қалаймыз. 

Сапарбек Баймахан, демалушы:

Су азайып кеткен қазір. Біз жазда осы жерге шомылуға күнде келеміз. Катамаран қазір жоқ. Себебі су азайып кеткен. Содан кейін бермей жатыр. Судың азайғанына 1 ай болып қалды.

Ай соңына дейін Сайрам су торабынан қажетті мөлшерде тіршілік көзі тартылады. Бірақ оны қалыпты деңгейде ұстап тұру қиынның қиыны дейді мамандар. Себебі аптап ыстықтың салдарынан оңтүстік өңірлердегі су көзінің тартылуы 40 процентке жетіп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов