Мемлекеттік қызметшілер шетелдегі мүлкі туралы есеп берді

Қазақстанда 176 мемлекеттік қызметкердің шетелде жылжымайтын мүлкі бар. Бұл туралы жалпыға бірдей декларациялау аясында Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Биыл декларациялау науқанының бірінші кезеңі басталды. Оған сай барлық мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары есеп береді. Сондай-ақ, 300-ден астам адамның шетелде тіркелген көлігі бар екені анықталды. Жалпы, 460 мыңнан астам қазақстандық мемлекеттік кіріс органдарына жиналған мүлкі туралы ақпарат жіберген. Бұл бірінші кезеңде декларациялауға жататын адамдардың 97 проценті.

«Бірінші науқанның ерекшелігі есепте – Қазақстанда бар активтерді көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені ол мәліметтер Қаржы министрлігінің интеграцияланған дерекқорына автоматты түрде түседі. Шетелде тіркелген пәтерлер, машиналар мен бағалы қағаздар декларацияда міндетті түрде көрсетілу керек. Бірақ олардың қайдан келгені тексерілмейді», – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАРДАН ТАБЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ЕСЕП СҰРАЛДЫ

Шетелде мүлкі болмаса да, өзге елдерге қаржы құятын отандастарымыз да есеп беруі мүмкін. Біздің еліміздің және шетелдік қор нарығына инвестиция құятын қазақстандықтарға құнды қағаздар саудасынан түскен табысына есеп беруді сұраған хабарламалар келе бастады. Жауап болмаған жағдайда, олардың банктік операциялары бұғатталуы мүмкін.  Бұл туралы «Курсив» порталы жазды.

Ал Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайға қатысты ақпарат берген жоқ. Сарапшылар шоттарды бұғаттау заңсыз деп есептейді. Ал инвесторлар салық заңнамасы әділетті болған кезде ғана, қор нарығындағы кірістерден салық төлеуге дайын екенін айтты.

«Өйткені қазіргі заң шығынды ескермейді. Тек пайдалы операциялардан табыс салығын төлеуді талап етеді»,– дейді олар.

Есеп 240.00 формасы бойынша болу керек. Бұл шетелдік банктердегі шоттарда ақшасы бар және Қазақстаннан өзге жерлерде мүлкі бар жеке тұлғалар үшін жеке табыс салығы бойынша декларация. 

ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ЕСЕП БЕРУІ ЗАҢДЫ МА?

Ал нарыққа қатысушылардың бұған өз пікірі бар. «Салық кодексінде мұндай шара жеке тұлғалар үшін емес,  жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін қарастырылған. Сондықтан,  есеп беру талабы толықтай заңды деуге келмейді» дейді олар.  Салық кодексінің 363-бабына сай, қазақстандықтар елдегі және шетелдегі мүлік табысы мен өзге табыс көздерінен салық төлеуге міндеттеледі.

«Портфелінде тек шетелдік бағалы қағаздары бар салық төлеуші оларды жай ғана декларациялауы тиіс. Ал акциялар мен басқа да қаржы құралдарынан пайда тапқандар декларацияны тапсырып қана қоймай, салықты да төлеуі тиіс». Бұған тек Қазақстан қор биржасында немесе АХҚО биржасында кірісі әкелген құнды қағаздар кірмейді.

Қазақстанға құйылған инвестициялар

2021 жылдың І тоқсанында Қазақстан экономикасына құйылған шетелдік инвестициялар $4 млрд-тан асты, деп хабарлайды LS сараптама агенттігі Ұлттық банкке сілтеме жасап. Аталмыш кезеңде ең көп ақша Нидерландтан түсті - $1,5 млрд. Одан кейін АҚШ, Ресей, Қытай және Ұлыбритания. Сонымен қатар, Бельгиядан Қазақстанға келген инвестициялар $197 млн, Франциядан – $161 млн, Оңтүстік Кореядан – $160 млн құрады. I тоқсанда Қазақстанға ең аз инвестициялар Иорданиядан, Норвегиядан және Португалиядан түсті .

МҰНАЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ

Әлемдік мұнай өндірісі көлемінің нақтыланбауы нарыққа қауіпті. Мамандар осындай пікірде. Қара алтын баррелінің бағасы 73 долларға дейін төмендеді. Ал бірнеше күн бұрын ол 80 доллар тұрған. Инвесторлар ОПЕК+ келіссөздері кезінде пайда болған Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы пікір қайшылығы салдары қандай болады деп қауіптеніп отыр. Еске салайық, соңғы кездесуде альянс осы жылдың тамыз айынан бастап мұнай өндірісінің көлемін өзгерту туралы ортақ шешімге келмеді. Нәтижесінде ОПЕК+ келісіміне қатысушылардың толық форматты отырысы белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Абу-Даби Сауд Арабиясының қолданыстағы келісімді 2022 жылдың соңына дейін ұзарту туралы ұсынысымен келіспейді. Сонымен қатар, көптеген мемлекеттер келесі айдан бастап өндірісті тәулігіне 400 мың баррельге арттыруды қолдайды.

ҰЛТТЫҚ БАНК ВАЛЮТАЛЫҚ ИНТЕРВЕНЦИЯЛАРҒА ЖҮГІНЕ АЛАДЫ

Мұнай бағасының тұрақсыздығы мен коронавирустың жаңа штамдарының таралуы валюталарға кері әсер етуде. Демалыс күндерінен кейін теңгенің долларға қатытсы бағамы әлсіреді. Соңғы сауда-саттықта бір доллар 428 теңгеге дейін өсті. Ал өткен аптада 425 теңге болған. Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, дамушы нарықтардың валюталарында осындай динамика байқалады. Ресей рублі апта басынан бері 2 процентке әлсіреді. Оған да қара алтынның бағасы және Қаржы министрлігінің шетел валютасын сатып алуының артуы да қысым жасауда. Айта кету керек Қазақстанның Ұлттық банкі сыртқы нарықтардағы жағдайды қадағалайды және тұрақсыздық сезіліп түрлі ауытқулар болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізу құқығын өзінде сақтап қалады.

Валюта бағамы

Ұлтық банктың хабарлауынша, доллар 429 теңге 8 тиын. Еуро  508 теңге 58 тиын. Ресей рублі 5 теңге  73 тиын.