Ұлытаудағы өрттің шығыны өтеледі

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында өрт салдарынан бар малынан айырылған шаруаға өтемақы төленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал шабындық жері жанып кеткен жұртқа көмек көрсетіледі. Ең қиыны, адам өлімі.

Естеріңізге салсақ, өртті өз еркімен сөндіруге қатысқан 23 жастағы азаматтың мәйіті табылған еді.

Ауыл іргесін қызыл жалын шарпығанда, ер азаматтардың бірі қалмай қызыл жалынмен күреске аттанды. ТЖ жарияланған үш ауылдан ерікті ер-азаматтар жиналыпты. Солардың бірі Қоскөл ауылының тұрғыны 23 жастағы Бейбарыс Ескендір еді. Құтқарушы мамандығы бойынша оқуын аяқтаған ол әкесі қарсы болса да, өртті өшіруге өз еркімен кеткен. Қайтып келмепті.

Дулат Асанов, Жезқазған қалалық ТЖБ бөлім басшысы:

Қоскөлден 40 шақырым бағытта УАЗ көлігі табылды. Ол толық өртенген. 6 метр маңында 1998 жылғы ер азаматтың денесі табылды. Қазір Ұлытау ауданы полициясы осы жағдайды анықтауда.

Байқоңыр ауылынан 50 шақырым қашықтықта қоныстанған жайлауда ең ірі мал шығыны тіркелді. Мұндағы шаруаның тірнектеп жиғаны бір сәтте күлге айналған.

Сол жұт болатын күні Сағынтайдың отбасы мына тас үйде отырған. Ал жер қара болған соң жалын малға шаппайды деген оймен қойды мына шарбаққа қамайды. Кенеттен оңтүстік бағыттан да солтүстік жағынан да қызыл жалын лап қойған. Өрттің биіктігі 2-3 метрге жетіпті. 1,5-2 сағаттан соң далаға шықса мал қынадай қырылып жатыр екен.

Қазір Сағынтай отбасымен қайтадан қыстақтағы үйінде тұрып жатыр. Келген комиссия әр малды нарық құнымен өтеп береміз депті.

Сағынтай Әбдібеков, шаруа:

Аналық бас 150, қозы-лағы бар 350 бас шығын болған. 10 бас бұзау бар. Осы бала-шағаны асыраған мал ғой. Өрттен алып қалғанда, ол жан-жақтан келді ғой. Бір жағын сөндірсең, біржағынан келіп.

Серік Әбжанов, Жангелді ауылдық округінің әкімі:

Облыстық комиссия өз шешімін шығарды. Қажетті құжатты дайындап, ТЖ байланысты базар нарқы бойынша әр қой-қозысына өтемақы беріледі. 7 күнде 25-30 гектар жер жанды олардың бәрі госзапастағы жер. Ал 49 жылға алған шаруалардың жері, 2-3 адамның жері болмаса жалпы қатты зардап шеккендер жоқ.

Бір ұшы Қызылорда облысы, енді бір жағы Қостанай облысымен шекаралас Ұлытау өңірінің әсем табиғаты жұтап қалған. Енді ауыл тұрғындары қыстың қамын, яғни шөп-жайды қайдан шабарын білмей дал.

Қаныш Балғазинов, Пионер ауылының тұрғыны:

– Мына жақта қыстақ бар еді Школьный деген, анамыздың жері. Сол жақ өртенді, шабындық кетті бәрі. Школьныйдың қасында кішкене жер бар, сонда жүр мал. Қыста соны шабамын, қалғанын білмеймін қайдан аларымды.

Ұлытау – жер көлемі жағынан облыстағы ең ірі аудан. Бір аптада мыңдаған гектар жер отқа оранды. Билік тарапынан зардап шеккендерге жәрдем болады деп уәде беріп отыр.

Естеріңізге салсақ, Ұлытаудың Амангелді, Жангелді және Ақтасты ауылдарында әлі де төтенше жағдай режимі сақталған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков