Алматыда вакцина құжатын қолдан жасаған туристік компания жазаланады

Алматыда туристік компания Сауд Арабиясына қажылыққа баруға ниет танытқан адамдарға 143 вакциналау құжатын қолдан жасап берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Жыл басынан бері жалған ПТР-тест нәтижесі мен екпе алғаны жөніндегі паспортты дайындау және оны пайдаланудың 30 дерегі анықталды. Айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалған құжатты қолданған адам 40 тәулікке қамауға алынады. Ішкі істер министрлігі көпшілікті алаяқтардың құрбаны болудан сақтандырмақ. Интернет желісіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықтамаларды немесе вакцинация паспорттарын дайындау бойынша 35 хабарландыру анықталған. Енді олар бұғатталады.

Гүлнәр Мұстафина, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің қызметкері:

- Коронавирус инфекциясы және онымен байланысты жағдайлар барлық салаларға көп өзгерістер енгізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинация адам денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы екенін атап өтті. коронавируспен күресудің бірден бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Ішкі істер министрлігі ПТР-тесттерді қолдан жасау және пайдалану фактілері бойынша өз құзыреті шегінде шаралар қабылдауда. Кейбір азаматтар пайда көру мақсатында, ПТР-тест нәтижелері мен вакцинация паспортын қолдан жасап, коронавирустың таралуына жол беруде. Жыл басынан бері ішкі істер органдары ПТР-тест нәтижелері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасаудың, сондай-ақ оларды пайдаланудың 30 жағдайын тіркеді.