424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Іле Алатауындағы мұздықтарға бақылау күшейтілді

  • 246
  • UPD: 21:33, 09.07.2021

Іле Алатауындағы мұздықтар мен мореналық көлдерге бақылау күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның себебі соңғы күндері Алматыда аптап ыстық тұр. Теңіз деңгейінен үш мың метр биіктікте орналасқан 45 көл тиісті мамандардың қадағалауында болады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- 3 мыңнан 4 мың метр биіктікке дейін жететін тау шыңында жаздың ортасында да салқын болады. Бірақ мұздықтардың еруі үшін орташа тәуліктік температура Цельсийден сәл көтерілсе жеткілікті.

Мынау №19 мореналық көл Талғар өзенінің басында орналасқан. Шілденің ортасында көл суға толып, тасып кету қаупі артады. Сондықтан жиектегі топырақ-тас аралас жер жарылыстың көмегімен жұмсартылады. Содан кейін диаметрі 300 миллиметрлік пластикалық құбырлар қойылып, су деңгейі азайтылады. Тікұшақтың бортынан бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні жақсы көрінеді. Мамандардың айтуынша, әзірге ең тиімді әдіс осы.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

- Алматы маңындағы тауларда 45 мореналық көл бар. Оның 12-сі қауіпті саналады. Биыл әсіресе 8 көлде су тасу қаупі жоғары. Қазір осы сегіз көлде алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда қауіп төндіруі мүмкін 8 көлдің басында «Қазселденқорғау» мекемесінің 90 қызметкері кезекшілік атқаруда. Олар сифондар мен су сорғылардың бұзылмай жұмыс істеуіне жауап береді. Негізгі мақсат – мұздықтардан келетін су мөлшерін, көлден шығатын су мөлшерімен бір деңгейде ұстап тұру. Себебі, мореналық көлдерден суды түгел ағызып жіберу мүмкін емес.

Самат Дәуленханов, «Қазселденқорғау» ММ өкілі:

- Бүгінгі таңда таудағы көлдердің жағдайы бірқалыпты. Әлі қауіпті деңгейге дейін әр көлдің деңгейі көтерілген жоқ. Біздің таулы айматарда барлығы 22 пост жұмыс істеп тұр. 22 поста таулардағы көлдердің жағдайларын бақылап, бізге төменге диспетчерлерге айтып отырады. Қазір 2 көлде сифон жұмыс істеп тұр. Ертеңгі күнге дейін барлық 8 көлде сифон жұмыс істейтін болады.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, Алматы маңындағы Іле Алатауындағы мұздықтардың 75%-і қар жамылғысынан тазарып болды. Қар күн сәулесінен қорғап, тоңның жібуін баяулатады. Енді көлдерге құятын су көбейеді. Сондықтан тау шыңындағы мұздықтарды мамандар тікұшақтың көмегімен аптасына екі рет қадағалап тұрады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Әбен Нарымбаев

Хабар 24 телеарнасы