Қостанай облысында егістіктің жартысынан көбі күйіп кетті

Қостанай шаруаларын да құрғақшылық қысып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, оңтүстік аудандардағы жағдай қиын. Амангелді диқандары «күзде егіске орақ салмаймыз», деп отыр. Себебі егілген дақылдың жартысынан көбі қурап кеткен. Мамыр айынан бері небәрі 48 миллиметр ылғал түсіпті. Бұл былтырғы нормадан үш есе аз.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Амангелділік диқандардың сепкені бос кетіп, ала жаздай еңбегіне қауіп төніп тұр. Біз аудандағы жылда гектар берекелігі жоғары болатын егіс алқабының бірінде тұрмыз. Мамыр айынан бері көктен бұл жерге бір тамшы да танбаған. Егер екі-үш күнде жаңбыр жаумаса, онда астық түгелімен күйіп, шаруаның тақырға отырып қалатын түрі бар.

Жоламан Тапаевтың егін шаруашылығымен айналысқанына биыл 25 жыл. Шаруа мұндай қуаңшылықты алғаш рет көріпті. Мамыр айында еккен бидайдың қауызы әлі жетілмеген. Ішінде дәні жоқ, бос қауыз ғана. Тіпті қуаңшылыққа төзімді деген тұқымның өзі шыдамаған. Егістік солайымен қурап жатыр.

Жоламан Тапаев, шаруа қожалығының басшысы:

- 58 күн өтті, әлі бір тамшы тамған жоқ. Бұлт келеді, жел қуып кетеді. Жаңбыр болған жоқ. Сақтанған ылғалмен өсіп тұр. Жердің ауа райына бейімделген «Омский-29» дейді. Ол жыл сайын егіліп жүрген тұқым осы жерге. Өткен жылы осы тұқым 7 центнерден берді. Биыл жеті түгіл үштің өзін ала аламыз ба, білмейміз.

Шаруа көктемгі науқанға 20 миллион теңге жұмсаған. Енді кеткен шығынның қайтарылуы екіталай. Биыл сақтандыру қаржысынан да құр қалып отыр.

Жоламан Тапаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Сәуір айында екпей тұрып сақтандырылуы керек екен. Біз бұрынғыдай еккеннен соң сақтандырамыз деп ойлап едік, оған кешігіп қалыппыз. Егер біз сақтандырсақ, Үкіметтен сақтандыру ақысын сұрар едік. Сақтандырған жоқпыз, содан кейін ештеңе сұрай алмаймыз.

Осылайша, биыл аудандағы 16 шаруа қожалығы залал келген алқаптар үшін пайдадан қағылады. Ал, әкімдіктегілер сақтандырудың тетіктері жайлы насихат жұмыстарын ұдайы өткізіпті.

Арман Саржанов, Амангелді ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Сақтандыру шаруа қожалықтарының өз еркінде. Бұрынғы міндетті сақтандыру емес. Заң бойынша ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Ерікті түрде сақтандыру деп аталады. Бірақ біз түсіндіру жұмыстарын бәрін жүргіздік. Сақтандырса гектарынан қанша алатындығы. Шаруа қожалықтарына хат жүзінде, жиналыс барысында айтылған бәрі.

Биылғы қуаңшылық жылда егін бітік шығатын аудандарды да жайлап алды. Қазір облыстағы бидай себілген алқаптардың 20%-і жарамсыз деп танылды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров