Шымкентте дәнді дақыл өнімі азайып кетті

Шымкент шаруалары астық жинауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда диқандардың өнімге көңілдері толмайды. Себебі қырға еккен дәнді дақыл көктемде күннің ерте ысуына байланысты аз өнім беріпті. Былтыр гектарына 20 центнерден өнім алған шаруалар биыл 5-6 центнерден аспай жатқанын айтады. Салдарынан өнім бағасы екі есеге шарықтап, тоннасы 150 мың теңгеге көтерілді. Төрт түлігін түлеткен малшылар да жайылым таппай қиындық көріп жүргенде жем-шөп қымбатшылығы қоса қинайтын болды деп алаңдайды.

Ғалымжан Шынаров, шаруа:

- Ауа райы бізбен келіспейді ғой. Күн бірден ысып кетіп, бидайымыз сәл нашар болып тұр. Бойы бар, сабағы да жақсы, бірақ бас байламай қалды. Әйтеуір өз-өзін жапса болды деп биылғы ауа райына қарап, 5-6 центнерден алып жатырмыз. Одан артық бермей жатыр.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

- Мал азығы ең актуалды сұрақ болып тұр. Сондықтан орақты бидайын, сабанын шашпай төкпей жинап алып, мал азығымен қамтамасыз ету біздің басты мақсатымыз болып тұр.