Вакциналау: Ақмола облысында халықтың белсенділігі артты

Ақмола облысында вакциналау қарқыны артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күніне шамамен 10 мыңға жуық адам вакцина салдырып жатыр. Аймақта мұғалімдердің 70%-і, медицина қызметкерлерінің 93%-і, полицейлердің 80%-і, мемлекеттік қызметшілердің жартысынан астамы екпе алып үлгерген. Облыс бойынша қазір 131 вакциналау пункті мен 120 мобильдік бригада жұмыс істеп жатыр. 11 жылжымалы кешен шалғай ауылдардағы жұртшылыққа қызмет көрсетеді. Мамандар қарапайым халықты вакциналауға белсенді қатысуға шақырады.

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитар дәрігері:

- Қазір біз мынадай мысал келтіре аламыз. Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласын салыстырсақ, Алматыда екпе алғандардың саны басым. Сондықтан ол жақта ауру дерегі астанаға қарағанда аз. Ал, біздің облыста дәрігерлердің барлығы дерлік вакцина алғандықтан, олардың арасында ауру көрсеткіші қазір 7 есеге төмендеді.