424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында 181 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алған

  • 89
  • UPD: 04:56, 10.07.2021

Қостанай облысында екпе алушылар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы екі апта бұрын күніне орта есеппен екі мың адам вакцина салдырса, қазір бұл көрсеткіш 5-6 мыңға жетті. Ұжым болып екпе алуға тапсырыс берушілер артқан. Әсіресе, қоғамдық тамақтандыру орындары белсенді.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Владимир Стельмах медицина ғылымдарының кандидаты. Талай жанның өміріне араша түскен абзал жанның бұл салада жұмыс істегеніне 45 жылға тақапты. Қазір телемедицина жүйесі бойынша шетелдік, отандық әріптестерімен өз тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Владимир Стельмах, облыстық аурухананың дәрігері:

- Қандай бір қорғаныш керек. Қазір ковидтан емдеудің түрлі әдіс-тәсілдері бар. Ал жұқпалы індет күш алып барады. Соңғы уақытта ауру жұқтырғандардың арасында жастар басым. Сондықтан вакциналаудан міндетті түрде өту қажет.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Гүлвира Құдайқұлова басқаратын мейрамхана ұжымы бірауыздан екпе салдырамыз деп шешкен. «Көпшілікпен жақын байланыста жұмыс істейтіндіктен, өзіміздің де, өзгенің де жағдайын ойлап, осындай тоқтамға келдік», - дейді кәсіпкер.

Гүлвира Құдайқұлова, кәсіпкер:

- Қазір біздің әрбір қызметкердің вакциналау құжаты бар. Менің ойымша, бұл аса қажет. Психологиялық тұрғыда да бір сенімділік пайда болады. Індетке осылай көп болып қарсы тұрсақ, оны жеңе аларымыз анық.

Өңірде 181 екпе егу пункті ашылған. Сондай-ақ көпшілік орындарда жеке кабинеттер жұмыс істейді.

Рүстем Айтбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Біз тұрғындардан өзінің, жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Той-томалақтарға, көпшілік жерлерге баруды шектеп, барынша сақтық шараларын сақтауға кеңес берер едік. Ауруға қарсы тұрудың бірден бір жолы ол вакциналау. Біз осылайша ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, бәріміздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеміз.

Ал Қостанай облысы бойынша осы күнге дейін 181 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алған. Оның жартысынан астамы вакцинаның екінші компонентін де алып үлгірген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы