424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы екпе кабинеттеріне бейнебақылау камералары орнатылды

  • 120
  • UPD: 20:54, 09.07.2021
Павлодар облысындағы екпе кабинеттеріне бейнебақылау камералары орнатылды

Павлодар облысында енді вакциналау үрдісі камера арқылы бақыланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екпе жасалатын кабинеттерге бейнежазу құралдары орнатылған. Бұл қандай да бір бюджеттік қаражатты қажет етпейді. Емханаларда бұрындары орнатылған бейнебақылау камералары екпе салынатын кабинеттерге ауыстырылған. Дәрігерлер мұның медицина қызметкерлерінің жұмысын қадағалауға қолайлы екенін айтады.

Павлодардың № 2 қалалық емханасына екпе салдыру үшін күніне 600-ге тарта адам келеді. Бұл өткен айлармен салыстырғанда 4 есе артық көрсеткіш. Дәрігерлерді халықтың белсенділігі қуантады. Бейнебақылау камераларының орнатылғанына бірнеше күн болды. Арнайы алгоритм құрылған. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін бейнежазба директорға тапсырылады және ол 30 тәулік бойы сақталады.

Қуаныш Нысанбеков, қалалық №2 емхананың директоры:

- Біздің емханада мына вакцинация кезінде процедуралық кабинеттерде камералар қойылған. Сол тәулік бойы жазылғанды бізге әкеп береді. Соны көреміз, бірақ екпені жасаған кабинетте бір айға дейін сақталады сол бейнежазбалар. Ол өте керек нәрсе, қазіргі уақытта соны қандай вакцина істелді, қай жерде істелді соның бәрі жазылады видеокамерада.

Павлодар облысында халықты қауіпті індетке қарсы иммундау науқанының қарқыны артқан. Күн сайын 6 мыңдай адам вакцина алады. Екпені тұрғындар емханаларда, сауда орындары мен әлеуметтік нысандарда салдырады. Демалыс күндері қалада жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді. Мобильдік бригаданы үйге шақыртуға да болады.

Ерғалы Асылбек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысының м.а.:

- Осы емханалардың дәрігерлерінен 67 жылжымалы, яғни медициналық топтар жұмысқа тартылған. Олар үлкен ұжымдардағы жұмыскерлерге дәл сол орынға барып екпені жүргізеді.

Облыс бойынша ашылған 153 екпе кабинетін толық бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуге дәрігерлердің мүмкіндігі жоқ. Бұл жерде азаматтардың жауапкершілігіне үміт артуға тура келеді. Ал вакцинаны төгіп тастағандар заң жүзінде жауап бермек.

Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біз әр басшыға ескертеміз. Жекеменшік құрылымдарға қарамастан бұл жерде бәріне ортақ жауапкершілік жүктеледі. Вакцинаның бірінші және екінші компонентін жоюға және жалған құжат жасап беруге жол берілмеуі тиіс.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін облыс бойынша 160 мың адам алған. Бұл халықтың 35%-і. Ал екінші компонентін облыс тұрғындарының 20%-і алды. Өңірде қазір вакцинаның екі түрі ғана қалған. Ол Ресейде шығарылған «Спутник-V» және отандық QazVac вакцинасы.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы