Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекараға дейінгі жаңа айналма жол қолданысқа берілді

Жамбыл облысында Тараз қаласы мен Қырғызстан шекарасын жалғайтын ұзындығы 16 шақырым айналма жол қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Жаңа автомагистральдің құрылысы көлік қатынасын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Жолдың салтанатты ашылу шарасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Соңғы жылдары Жібек жолы көшесіндегі теміржол арқылы өтетін көлік ағыны 3 есеге артып, кептеліс жиілеп кеткен еді. Бұл мәселе көпірді қалпына келтіріп, облыс орталығынан Қырғыз елінің шекарасына дейін жететін айналма жол салу арқылы шешілді.

Майра Молдабаева, «Айя-Сервис» ЖШС директоры:

- Бұрынғы облыстық жолымыз 3-4 ауылдың айналасымен жүретін. Гродеково, Бесағаш, Қырғыз ауылы, Учхоз ауылы. Сондықтан көшелер өте тар болғандықтан, осы жолды көптен күттік барлығымыз. Тұрғындар да, таможнядан өтіп жатқан машиналар да.

Жаңа жолдың ұзындығы 16 шақырым 100 метр. Оның құрылысына, шамамен, 4 миллиард теңге жұмсалды. Енді жүргізушілерге негізгі жолға жету үшін Тараз қаласы арқылы жүрудің қажеті жоқ. Автомагистральдің ашылу салтанатына аймақ басшысы мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Сабри Асанов, Гродеково ауылының тұрғыны:

- Айналма жол бізге өте қажет, мына шаруа қожалықтарына, ауыл тұрғындарына. Ауыр жүк көліктері қаланың ішімен жүреді. Екі ауылдық округтің ішімен жүреді. Бұл өте қауіпті жағдайлар туғызады. Көптеген қолайсыздықтар туындап, жол бұзылады.

Жаңа автомагистраль арқылы тәулігіне 3-тен 7 мыңға дейін көлік қатынай алады. Бұл Тараз қаласы мен облыс тұрғындары үшін кедергісіз көлік қатынасын қамтамасыз етуге септігін тигізбек. Сондай-ақ транзиттік жүк көліктері де кеден бекеттерінен тез әрі қауіпсіз өте алады.

Авторлары: Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан