Ақтөбеде жауын кесірінен қала маңындағы саяжайлар жарықсыз қалды

Ақтөбеде толассыз жауған жаңбырдан қала маңындағы бірқатар бау-бақша ұжымдары жарықсыз қалды. Әсіресе бір-біріне көрші орналасқан сегіз саяжай тұрғындары үш күннен бері электр қуатына қосыла алмай отыр. Салдарынан ауыз су мен жылудан да қағылған. Амалы таусылған жұрт енді туған-туыстарын паналауға көшіпті. Мәселе шешімін таба ма? 

Гүлайхан Дүйсенғалиева жарықтың жоқтығынан қиналып отырған тұрғындардың бірі. Электр қуаты болмаған соң отбасының күнделікті тұтынатын тоңазытқыштағы тамағы да бұзыла бастаған. Ал әлсін-әлсін жауған жауыннан дымқыл тарта бастаған үй ішін жылытатын пешті де қосуға мүмкіндік жоқ. Сәйкесінше ас дайындайтын қондырғы да жұмыс істемей тұр. Бұл саяжай ұжымында тұрғанына 10 жылдан асса да соңғы уақытта алаңсыз жарық қолданған кезі болмапты.

Гүлайхан Дүйсенғалиева, бау-бақша ұжымының тұрғыны:

- Үйімізде свет болмаған соң балаларымызды ата-әжесінің үйіне жібердік. Көршілер де солай. Біреуі қыздарының үйінде, біреуі балаларының үйінде, солай жүр. Себебі үйімізде свет жоқ. Үйдің іші салқын. Былтыр тоже осындай болған кезде үйіміздегі телевизорымыз, холодильнигіміз, видеокамераларымыз сырттағы өртеніп кетті.

Көрші орналасқан сегіз бау-бақша ұжымындағы жағдай тап осындай. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе тек бүгін емес, жылдар бойы шешімін таппай келеді. Яғни, күн райы сәл бұзылса, мұндағы үйлер жарықсыз қалады. Ал, электр қуатын таратушы мекеме бұны бірнеше саяжайдағы биік өскен тал-теректің желіге зақым келтіруімен байланысты екенін хабарлапты.

- Қызметтерін өздері көрсетуі керек. Талды шабатын өздері, люлкасымен келуі керек, спецмашинамен. Бізде электрик жоқ, монтер жоқ. Тоққа түсіп өлсе, кім жауап береді оған. Біздердің міндетіміз одан светті сатып алу. Олардың міндеті бізге обслуживание көрсету, светін берсін! Сосын өздері қиып шықсын. Біз оны қия алмаймыз қазір.

- Он шақты жылдан бері осылай. мынадай жел тұрса болды, сөнеді. Аяз болса, жаңбыр жауса сөнеді. Тек біздің жарық сөнеді, саяжайдың тұрғындарінікі. Басқа жақтікі бәрі жанып тұр.

Электр қуаты үшін ай сайын ақы төлеп отырған жұрт, үйлерінде жарық сөнсе, жаппай жауапты ұйымға хабарласуды әдет қылған. Ал тиісті мекеме өкілдері бұл мәселеден хабардар екенін айтады. Бірақ, соңғы екі жылда тоқ желісіне кедергі келтіретін жасыл желекті кесуді жүргізбейтіндерін хабарлады. Себебі ондай жұмысты атқаруға әкімдік тыйым салған. Бірақ бау-бақша ұжымы тұрғындарының өтініші таяу уақытта шешілетінін жеткізді.

Марат Аманғалиев, «Энергосистема» ЖШС аймақтық электр жүйелік компаниясының атқарушы директоры:

- Ең қауіпті жерлерді бүгін өзіміз амал жоқ шығып кесіп жатырмыз. Бірақ ол бұлай бола беруі мүмкін емес. Сондықтан кеше, бүгінгі жағдайға байланысты істеп жатырмыз. Бірақ, әрі қарай әкімшілікпен бірігіп, сол басына барып, халықпен жиналыс өткізіп, халықпен сөйлесетін шығармыз. Сол ұжымдардың басшылары солар жұмысты ұйымдастыру керек.

Жалпылай алғанда соңғы үш күнде жауған жауыннан қала аумағындағы бірқатар сайжай мен ықшам аудандарда жарық жиі сөнді. Қазір қалпына келтіру жұмысы қолға алынған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев

Сондай-ақ...