Елорда тұрғыны сіріңкеден түрлі ғимарат құрастырады

Елорда тұрғыны сіріңкеден құрылыс қалайды. Сіріңкенің шиі мен желімді қолданған Самат Жүнісов еліміздегі мешіттердің нобайын жасап жүр. Оның коллекциясында Түркиядағы көк мешіттің көшірмесі де бар.

Шырпының шырайын келтірген Самат үшін бұл бос уақытында айналысатын сүйікті ермегі. Заңгер мамандығын меңгергенімен шығармашылыққа деген шабыты ерекше. Әр жұмысына 5 мыңнан 15 мың талға дейін сіріңке жұмсайды. Көз майын тауысып жасаған әр нобайдың артында қажырлы еңбек пен қарымды қабілет жатыр.

Самат Жүнісов, шебер:

- Негізі менің жұмысым мына бір тал сіріңкеден басталады. Моделін жасаймын. Содан кейін макеттің суреттерін қараймын. Күмбезін, мұнарасын жасаймын. 

Әр ғимарат нобайын шебер ғаламтордағы мәліметтер мен фотосуреттерді пайдаланып келтіреді. Бүгінге дейін осындай 10-нан астам құрылыстың көшірмесін жасап шығарған. Бір жұмысына бір ай немесе бір жарым жыл уақытын сарп етеді екен. Ал мына «Әзірет Сұлтан» мешітінің көшірмесін жасау үшін 15 мың сіріңке шиін пайдаланыпты.

Самат Жүнісов, шебер:

- Бұл макетке бір жарым жылдай уақыт кетті. 15 мың штук сіріңке кетті. Ең қиыны, күмбез бен мұнарасы үш қабатты, кіретін есігі мен әйнектері қиын болды. Қалай, ұнай ма? Әзірет Сұлтан мешітіне апарып сыйлық жасағым келеді. 

Қиыннан қиыстырып шырпыдан туынды жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін табандылық пен шыдамдылық қажет.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Саматтың рұқсатымен мен де жасап көрсем бе деп отырмын. Ал бірінші не істеу керек? Бір, екі талын жапсырамын деп қолыма желім жабысып қалды. Оңай көрінгенімен шындығында төзімділікті қажет ететін жұмыс екен. 

Сіріңкеден түйін түйген шеберге тапсырыспен кез келген ғимараттың нобайын жасататындар да бар екен. 

Айнұр Қуатқызы, Мейрамбек Ақмаханов