Павлодар облысында шомылу маусымы басталғалы 10 адам суға кетті

Павлодар облысында шомылу маусымы басталғалы 10 адам суға кетті. Екеуі бала. Қайғылы жағдай көбінесе суға түсуге рұқсат етілмеген жағажайларда тіркеледі. Ішімдік ішіп шомылатындар көп. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар рейдке шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шілденің шіліңгір ыстығында сая іздегендер өзен жағалап кетеді. Ертістің жағасында сауық құрған мына демалушылар «суға түсуге рұқсат жоқ» дегенді білдіретін белгінің жанына шатыр тіккен. Балалары өз бетінше  шомылып жүр. Құтқарушылар жасағына арнайы белгіні байқамадық деп ақталған болды.

- Каждый год ставим знак, каждый год выкидывают. 

- Когда вы начали ехать тогда я обратила внимания.

Осындай қамсыздықтан опық жеп жатқандар аз емес. Жуырда Екібастұз қаласындағы су қоймаларының бірінен 2005 жылы туған екі жасөспірімнің мәйіті табылды. Тағы сол өңірде 33 жастағы ер адам Ащыкөл көліне батып кетті. Ақсу аумағында қайықтың аударылуы 39 жастағы ер адамның өліміне себеп болды. Ол қауіпсіздік жеңсізін кимеген екен. «Нұрлы жол» көпірінің маңында 26 жастағы жігіт суға кетті. Ал Ақсуда немересін құтқарамын деп суға кеткен ер адамның денесі әлі табылмаған.

- С 07.07.2021 года ведутся поисковые работы на реке Иртыш, вниз по течению утонувшего мужика в районе нефтебазы. Поиски пока результатов не дали.  

Серік Шериязданов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

- Ақсу қаласындағылар олар рұқсат етілмеген жерлерде суға кетті бірден. Мәйіті әлі табылған жоқ. Ол ересек адам 1953 жылғы. Немересін құтқарамын деп, немересін құтқарып, өкінішке орай, өзі суға кетті. Ол жерлерде кезінде белгілер болатын. Бірақ та тұрғындар ол белгілерді алып тастайды.

Облыс бойынша «қауіпті, шомылуға рұқсат жоқ» деген 150-ден аса белгі орнатылған. Ертіс өзенінің тереңдігі 3-4 метрден асады. Қайғылы жағдайларларың талапқа сай жабдықталған жағажайларда да тіркеліп жатқаны өкінішті. 

Антон Корж, кәсіпкер:

- Біз демалушыларға қауіпсіздікті сақтауды үнемі ескертіп отырамыз. Мас күйінде суға түсуге болмайтынын айтамыз. Өкінішке орай, біздің ескертулерімізге бәрі бірдей құлақ аса бермейді. Су қателікті кешірмейді. Адамдар өз өмірімен осылай қоштасып жатады. 

Ертіс бойындағы шағын арал бұрын жабайы жағажайлар қатарында еді. Аумақты жалға алған кәсіпкер демалушыларға қолайлы болатындай етіп жабдықтапты. Өрт мұнарасын орнатып, құтқарушылар жасағын құрған. Осыдан екі күн бұрын осы жерде мас күйінде суға түскен 30 жастағы жігіт қайтыс болды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 30 жағажай жасақталған. Оның 21-і жергілікті атқарушы органдарға қарайтын коммуналдық жағажайлар. Ал 9-ы жеке меншіктің қолында. Биыл құтқарушылар қатарын арнайы дайындықтан өткен 150 қоғамдық құтқарушы толтырған. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков