Құрылыс материалы қымбаттаған сайын тұрғын үй сапасы төмендей береді

Құрылыс материалдары қымбаттаған сайын, әлеуметтік тұрғын үйдің сапасы төмендей береді. Ақтөбеде құрылыс компанияларының өкілдері мәжіліс депутаттарының алдында осы мәселені көтерді.

Іргетасы биыл қалаған нысандардың жобалық-сметалық құжаты әлдеқашан әзірленген. Яғни құрылыс сол кездегі бағамен есептелген. Алға ауданына жұмыс сапарымен барған депутаттар салынып жатқан әлеуметтік баспананың құрылысын көрді. 60 пәтерлік көпқабатты үй қазан айында тапсырылып, пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі. Қазір нысанның 90 проценті дайын. Тек құрылыс материалдарының қымбаттауы мердігер үшін кедергі болып тұр. Сондықтан бұл мәселе үкімет деңгейінде шешілсе дейді компания өкілдері. 

Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жаңа басталып жатқан үйлер бар. 2018 жылы жасалған сметалармен жұмыс жасап жатқандар бар. Сол құрылыс компанияларға ауырлау болады. Көптеген құрылыс материалы Ақтөбе өңірінде шығады. Дей тұрғанмен сырттан келетін материалдар да бар. Оның қазір бағасы екі есеге қымбаттап кетті. Соған байланысты министрдің берген жауабы бір шешім табады деген. Соны күтудеміз.