Тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіледі

Бүгінде 700 мыңнан астам тұрғыны бар 1922 ауыл таза ауызсуға зәру болып отыр. 

Қостанай облысы тұрғындарының 35 пайызы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының 20 пайызға жуығы сапасыз су ішіп отыр. 

Суды тұтыну көлемі артқан сайын су инфрақұрылымы да ескіріп бара жатыр. Еліміз бойынша сумен қамтамасыз ететін нысандардың 22 пайыздан астамы тозған. 

Атап айтқанда, Алматы қаласында – 58 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 42 пайыз, Жамбыл облысында – 36 пайыз, Қарағанды облысында – 34 пайыз.

Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж болып отыр. Мұндай деректер жиілеп кетті. Өкінішке қарай, бұған жергілікті атқарушы органдар жол беруде.

Мысалы, Түркістан облысында Біркөлік, Екпінді және Қорған ауылдарының тұрғындарына арналған ауызсуды демалыс орындары бассейнді толтыру үшін пайдаланған. Сөйтіп, халыққа су бермей қойған. Бұған тиісті бақылау жасамаған жергілікті билік кінәлі. 

Ауызсудың тапшылығына жер қойнауын пайдаланушылардың әрекеті де себеп болып отыр.

Кен орындарын игеру кезінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған өзендер тартылып, бұлақтар сарқылып жатыр. Мұндай жағдайға Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары тап болуда.

Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, осындай деректерді түгел анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ болашақта оған жол бермеу үшін бақылау жүйесін әзірлеу қажет. 

Тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіледі деп сенемін.