Игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру керек – Президент

Президент кеңейтілген Үкімет отырысында жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесіне тоқталды.

«Жалпы, бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп –  әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.

Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр.

Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы. Бұл, әсіресе, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр. 

Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн.   

Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.