Шымкент-Алматы бағытындағы ұшақта бала қайтыс болды

Оқиға 9 шілдеде «Эйр Астана» әуекомпаниясының Шымкент-Алматы бағытындағы KS 972 рейсі кезінде болған, деп хабарлайды «Хабар 24» zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкенттен Алматыға бет алған ұшақтың ішінде Алуа Қонақбаева есімді жолаушы да болған. Оның айтуынша, бала лейкемиямен ауырған, оған сүйек кемігі трансплантациясы жасалған.

«Олар емделуге бара жатқан болуы керек. Ұшақ аспанға көтерілгеннен кейін 10 минут өткенде баланың мазасызданып, тұншыға бастады. Борттағы қызметкер оған оттегі маскасын беріп, тыныштандыруға көмектесті. Мен баланың қолдары көгеріп бара жатқанын, оның қысымын өлшеу керек екенін және шұыл жерге қону керектігін айттым, - дейді жолаушы.

«Эйр Астана» әуе компаниясының баспасөз қызметі баланың ұшу кезінде өзін қолайсыз сезінгенін айтты.

Экипаж баланы оттегі аппаратына қосқан соң, 30 минут бойы тыныс алған. Ұшақтың қонуы кезінде ол есінен танып қалды. Борт қызметкерлері қону кезінде де, қонған соң да жүрек-өкпе реанимациясын жасады, оған қоса дефибриллятор қолданылды.

Әуежайда баланы ақ халаттыларға тапсырды, бірақ олар баланы аман алып қала алмады. «Эйр Астана» бүлдіршіннің отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.