Батысымызда аштықтан мал қырылып жатқанда, үйде тыныш жата алмадым – Құрмет Талапқазы

Халыққа үндеу жасап, шөп жинаған Түркістандық Құрмет Талапқазы бүгін халық құрметіне бөленді.

Жас жігіт бір қазақ қиналып жатқанда әр қазақ қамқор болу керек дегенді айтады. Бүгінде оған қол ұшын созып, еліміздің әр аймағынан қолдау білдіріп жатқан жандар аз емес. Бірі қаржылай демесе, енді бірі Құрметпен бірге шөп оруға кіріскен.

Талдықорғандық Мұратбек Солтанбайдың Сарыағашқа келіп, шөп жинап жатқанына 3 күн болыпты. Өзі де ауруханадан бір апта бұрын ғана шыққан ол Құрметтің жанайқайын әлеуметтік желіден көргенін айтады. Содан ата-анасының рұқсатын алып, көмекке келген. Ол әрі әлеуметтік желі арқылы халықты Оңтүстіктегі асарға шақыруды да ұмытпапты.

Мұратбек Солтанбай, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Әлеуметтік желіден көрдім. Құрметтің Батысқа көмек берейік деп жалғыз өзі шырылдап, шөп шауып жүрген видеоларын көріп, отыра алмадым. Ауруханадан жақында шыққанмын өзім де. Осында келе салып, оруға кірістік, орылғанын жинасуға көмектестім. Ағайындар, қарап отырмайық, көмек берейік. Бұл – бір ғана Құрметтің ісі емес, бүкіл халықтың ісі.

Ақыл Бибазар, алматы қаласының тұрғыны:

Маңғыстауда малдың қырылып жатқанын көргенбіз. Бірақ ішімізден қынжылып жүрдік, әттеген-ай деп. Қалалы жерде тұрған соң ештеңе ойлай алмай жүрдік. Мына жігіт жанайқайымен қазақ үшін деп жатыр. Енді бір қазақ қиналып жатқанда, мың қазақ жабылсақ деген ниетіміз бар. Бүкіл қазақ осындай бір ниет, бір тілекте болсын. Мына Сауқұмбек деген досымыз екеуіміз Алматы қаласынан келдік.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бүгінде Құрметтің үндеуіне үн қосып, оның қасына еліміздің түкпір-түкпірінен ерікті жастар келіп қосылуда. Асаршылардың арасында зейнеткерлер де бар. Олар еліміздің батыс аймағындағы қуаңшылыққа байланысты аталған өңірдегі төрт түлікке шөп жіберу мақсатында қазір Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Шымкент-Жетісай жолының бойында техника бара алмайтын жерлерде қамыс-құрақ орып жатыр. Қамысты ору үшін бұл жердің өзін егелерінен сұрап алған. 

Нұрлыбай Татаев, Леңгір қаласының тұрғыны:

– Бұл жердің бәрі жекеменшік қой. Қамыс болған сол көп аам оны ора алмайды. Бізге де сол сұраған соң берді. Он гектар, анда алты гектар жер бар. Барлығының иегесі бар. Сұрап, сұрап алдық. Рахмет халыққа беріп жатыр тегін.

Жалпы еріктілер еліміздің әр өңірінде шөп жинап жатыр. Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Шардара, Жетісай тағы басқа аудандарды аралап, шөп дайындауға білек сыбана кіріскен. Бүгінге дейін Құрметтің бастамасымен Түркістан облысының өзінде 100 мың түк шөп жиналған. Оны темір жол арқылы жеткізу үшін 6 вагонды жалға алып, жолға шығуға дайындалуда. Бірақ қазір жиын-терім науқаны болғандықтан шабылған шөпті таситын техника тапшы дейді еріктілер. Алайда қолы ашық жомарт жандар қаржылай қолдау білдірсе, кейбір кәсіпкерлер шөп сатып әперген.

Құрмет Талапқазы, ерікті:

Түктелгені бар, түктелмегені бар, соның бәрін қосқанда 1-2 апта көлемінде 300 мың түк шөп дайын болады деген үмітім бар. Өйткені аға-бауырлар, ағайындар бар ғой, елдік қасиетін көрсетіп жатыр. Рахмет, мен оны міндет етпеймін. Қазақтың жігіті істеуге тиіс тірлік қой бұл. Әрбір Қазақстандағы азаматтар бар, азаматшалар бар, бәрінің міндеті ғой.

Құрмет бастап, оны қоштап, еліміздің әр аймағынан келген ерікті жастар бір аптадан бері мына ну қамысты орып, жинап жатыр. Өздеріңіз білесіздер, соңғы күндері оңтүстікте ауа температурасы +45 градустан түспей тұр. Бірақ бұл аптап ыстық алдына үлкен міндет қойған жігіттердің меселін қайтара алмасы анық. Сондықтан олар қандай құрметке болса да лайық.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы