Елімізде 800 мыңға жуық азаматтың табысы күнкөріс деңгейінен төмен – Президент

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне тоқталды.

«Пандемияның салдарынан қаржылай табыстың азаюы өзекті мәселеге айналды. Кедейшілік деңгейі 4,5 пайыз болды. 800 мыңға жуық азаматымыздың кірісі күнкөріс деңгейінен төмен. 

Тұрғындардың нақты әрі номиналды табысының өсімі азайып кетті. Табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейді. 

Зейнетақы, жәрдемақы және стипендия сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып барады.

Шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдау қажет.  Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс. 

Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет.

Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес –  ауыл шаруашылығы өнімін өндіру екі есеге артты, мал басы 24 пайызға өсті.

Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды.

Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы керек.

Табыссыз қалған азаматтарымызды қолдау мақсатымен Жұмыспен қамту жол картасы қабылданды. Бұл бағдарламаға триллиондап қаржы жұмсалды.

Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыру барысында бірқатар кемшіліктер болды. Бұл туралы мен өткен жиында атап көрсеттім. Соған қарамастан, біз биыл әкімдердің өтініші бойынша жобаны жалғастыруды ұйғардық.

Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, жобаларды сапалы түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Былтырғы қателіктерді қайталауға болмайды», деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.