Ақтауда 38 миллион теңгеге диодты шамдар орнатылады

Биыл Ақтаудағы 26 мен 27-ші шағынаудан арасына жарық диодты шамдар орнатылады. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жүріп жатыр.

Бөлінген қаражат та қомақты. 38 миллион теңге. Сондықтан жоба әлеуметтік желіде тұрғындар талқысына түсті. Бірі қолдаса, енді бірі әкімдікті кінәлап отыр. Әйгерім Ашықбаева жалғастырады.

Көрер көзге жарқырап, түннің сәнін келтіретін мына жарықшамдар осыдан бір жыл бұрын орнатылған. «Жұлдызды аспан» саналатын жол тұрғындардың көңілінен шықты.  Алайда сәндік элемент биыл істен шыға бастады. Олардың тең жартысына жуығы жанбай қалған. Осыны жөндеу және қаладағы шамдарды күтіп ұстауға  бюджеттен 26 миллион теңге бөлінген. Мердігер де анықталыпты.

Алпысбай Таубаев, қалалық түкш бөлімінің басшысы:

Жыл сайын Ақтау қаласында әсемдік шамдарын жарықтандыру және күтіп-ұстау бағытында тиісті қаражат бөлінеді. Ағымдағы жылы біз екіге бөлдік. 26 миллион теңгеге негізгі бұрынғы қойылған әсемдік шарын шамдарын күтіп ұстау бағытында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жұмыс жасап жатыр.

Ал ел арасында тағы бір осындай шамның 26-шы мен 27 шағынауданда пайда болатыны туралы жаңалық гу ете түсті. Әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат бойынша су жаңа  «жұлдызды аспанның» ұзындығы 350 метр болмақ. Әкімдіктің айтуынша, әсемдік шамдарын орнатудың негізгі мақсаты – туристерді қызықтыру, инвесторлар тарту. Бірақ, жаңа шамды орнатуға қатысты тұрғындардың пікірі екіге бөлінді.

-           Оның орнына халықтың мұң-мұқтажына бөліп бермей ме, қазір мал шаруашылығы қиын болып жатыр. Шөп жоқ, мал қырылып жатыр. Одан да жеммен қамтамасыз етіп, болашақ ұрпақтың қамын жасаса ееен деп ойлаймын.

-           Ішкі экономиканы туристік сала арқылы көтеру керек. Сол себепті Каспийдің жағалауын көркейту керек. 

-           Жан-айқайын тыңдап, мұқтажын тыңдап жаратқан дұрыс еді.

Осылайша тұрғындардың бірі туристік саланы дамытқан дұрыс десе, бірі қолдамай отыр. Енді шілденің аяғында жеңімпаз анықталмақ. Шамды орнату жұмыстары екі айға созылады.

Ааторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев