Елімізде балық шаруашылығын ашу жеңілдеді

Балық шаруашылығы комитеті құрылғалы саладағы түйткілдер біртіндеп шешімін таба бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бұрындары балық өсіретін қожалық ашу өте қиын болатын. Қазір оған рұқсат беріліп, мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылып жатыр», - дейді Жетісу өңірінің кәсіпкерлері. Шілденің екінші жексенбісі – балықшылар күні.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Нарынқолдық Мәрлен Тұрсынәлі 10 жылдан бері Есік өзенінің жағасында патша балық өсірумен айналысып келеді. Ол басқаратын кәсіпорын жылына 200 тонна форель өндіреді. Шаруашылығы алып мегаполис Алматының іргесінде орналасқандықтан, тауарлы балық ішкі нарықтан артылмайды. «Болашақта кәсіпорынның қуаттылығын екі есеге дейін арттырғымыз келеді. Сонда экспортқа шығуымыз әбден мүмкін. Оның үстіне елімізде биыл балық шаруашылығы комитеті құрылып, қожалықтардың дені бұл бағыттағы мемлекеттік қолдауды енді-енді сезіне бастады», - дейді кәсіпкер.

Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:

- Қазіргі жағдайда сол су жағаларына балық шаруашылығын өсіруге рұқсат беріліп жатыр. Ол жаңағы біздің осы қазіргі деңгейде шешіліп жатқан бірінші сұрағымыз. Екінші сұрақ, балық шаруашылығын салуға кеткен шығындарды субсидия жасау. Қазір оны да шешіп жатыр. Үкімет өз жағдайында, қазіргі жағдайда көп көмектесіп жатыр.

Алмат Сүйеубаев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Шабақ алатын болса, 50%-і қайтарылады. Жұмсалған ақшасының жартысы кәсіпкерлерге қайтып беріледі. Жем бойынша қазір 30% субсидия қарастырылып жатыр жеңілдіктер бойынша. Сонымен қоса, қосымша да жеңілдіктер мемлекет тарапынан қарастырылуда қазіргі таңда.

Балық шаруашылығы комитеті арнайы бағдарлама әзірлеп, Алматы облысында 2021 жылы 3700 тонна тауарлы балық өндіру жоспарын қойды. Алдағы жылы бұл көрсеткіш 6 мың тоннаға жетуі тиіс. Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясындағылар Жетісу жерінде бұл міндеттеменің оңай орындалатынын айтады. Өйткені өңірде балық өсірумен айналысатын 25 шаруашылық бар. Қапшағайдағы Африка жайынын ұстайтын кәсіпорынның өзі жылына 10 мың тонна балық өндіре алады. Алайда пандемия мен одан басқа да қаржылық қиындықтарға байланысты мұндағы өнімділік көлемі қазір 200-300 тоннадан аспай отыр. Алынған өнімнің 60%-і Ресейге экспортталады.

Гаухар Қалиева, кәсіпорынның ветеринар дәрігері:

- Жалпы субсидия керек. Біз әсіресе, мына пандемия кезінде қатты қиналдық. Өйткені шығаруға болмайды, кіргізуге болмайды, балықтар өсті-өнді. Қазір біздің мекемеде 100 тоннадай балық бар. Оның кішкентайы бар, үлкені бар, тауарлық, яғни сатылымға шығарылған балықтар бар. Бірақ соның бәрі ол күнделікті қаржы талап етеді.

Балық қорегінің басым бөлігі Дания мен Польшадан жеткізіледі. Жемнің 30%-ін, ал шабақ алуға кететін қаржының 50%-ін мемлекет тарапынан субсидиялау балық өсірушілер үшін үлкен жеңілдік болғалы тұр. «Демек алдағы уақытта елімізде тауарлы балық өндірісі барынша дамиды деген үміттеміз», - дейді жетісулық кәсіпкерлер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев