Қостанай облысында этнотуризмді дамыту қолға алынды

Қостанай облысындағы Наурызым қорығына 90 жыл толды. Биылдан бастап мұнда этнотуризмді дамыту қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта қонақтар үшін этноауыл жұмысын бастайды. Осылайша, тұмса табиғатты тамашалауға келген туристер қазақ мәдениетімен кеңінен танысады.

Алматы қаласының тұрғыны Рахим Савуров ел ішінде саяхаттауды әдетке айналдырған. Ол осы күнге дейін бірталай ғажайып орында болғанын айтады. Ал биыл Наурызым қорығын аралаудың сәті түскен.

Рахим Савуров, саяхатшы:

- Шынын айтқанда, Алматыда қазірдің өзінде дамыған демалыс орындары жетерлік. Біздің жастар көбіне сол жерлерге барады. Бірақ жұрт неге екені белгісіз, еліміздің солтүстік облыстарына баруға аса құлықсыз. Мұндағы тұмса табиғаттың сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Өткен ғасырдың бірінші жартысында құрылған қорық жұртты өзінің әсемдігімен таң қалдырады. Наурызымның басты қазынасы – көне қарағайлы орман.

Рахим Савуров, саяхатшы:

- Осы ормандарды көргім келді. Сондықтан арнайы келдім. Керемет көрініс. Бізде Алматыда қарағай тек тауларда ғана бар. Оның өзінде мұнша көп емес.

Туристер көбіне орталық орманмен бұлаққа барады. Ал жақында «Ақ таулар» деп аталатын жаңа учаске ашылды. Бұл – 30 мың жыл бұрын Тұран теңізінің жағалауы болған сазды шөгінділер. Мұнда реликті қарағайлар мен арша өседі. Қазір қорықта қонақтарға арналған 6 экологиялық соқпақ бар. Мамандар күн сайын 12 адамнан тұратын топты қабылдайды. Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі – енді туристер атпен де серуендей алады.

Дулат Қойлыбаев, Наурызым мемлекеттік табиғи қорығының директоры:

- Ал енді біз биыл мінекей, аттарды үйреттік. Аттарымыз дайын. Абзельдер сатып алдық. Және де мінекей, вилосипед бар. Мынау енді жаяу жүрмеймін, аттан қорқамын десе, вилосипедті береміз. Мінекей, ең қысқа маршрут қазір 10 шақырымдай.

Туристер мұнда қазақ мәдениетімен де таныса алады. Ол үшін екі киіз үй құрып, алтыбақан орнатқан. Этноауылдың пайда болуымен қонақтар саны да едәуір артатынына қорық қызметкерлері сенімді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Артём Грапов, Сергей Трахтенберг