Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жеті бала суға кетті

Үлкендердің қарауынсыз жүрген балалардың суға кетуі жиілеген. Шығыс қазақстандық құтқарушылар осылай деп дабыл қағып отыр. Мамандардың айтуынша, рейд жүргізіліп, ескерту жасалғанымен ата-аналар қауіпті ескере бермейді. Облыста жыл басынан бері жеті бала суға кеткен. Жалпы шомылу маусымында 25 адам қайтыс болған.

- Аталған жер рұқсат етілмеген деп айтылған, участокке шомылуға тыйым салынған. 

Лопатинский аралы маңындағы мына жағажайда шомылуға болмайды деп айтылып  жатыр, батпандай тақтайда жазылып та тұр. Бірақ оған қарап жатқан жан жоқ. Өзен жағасында бала-шаға жетеді.Көпшілігі төтенше жағдайлар қызметінің арнайы киімдегі мамандарын алыстан байқай сала кетіп қалуға тырысады. Мына бір топ бала ата-анасымен бірге жүр екен. Дегенмен, баланың аты бала емес пе, кейде үлкендерден тығылып келіп шомылатындарын жасырмады.

Артём Мартынюк, мектеп оқушысы: 

- Кейде енді ата-анамсыз шомылуға кетіп қалатын кезім болады. Бірақ ұзақ бөгелмеймін, таяз жерде жарты сағаттай жүзіп қайтып келемін. Мына жердің қаншалықты қауіпті екендігін жаңа бізге құтқарушылар түсіндірді. Үлкен тастар, балдырлар бар екен. Сондықтан да шомылуға тыйым салыныпты. 

Құтқарушылар дәл осы жерде «артық болмас» деген ниетпен бұл жеткіншектерге суға тұншыққан адамға алғаш көмек беру әдісін үйретті.

- Сердце у нас с какой стороны.

- С левой.

- Правильно. Вот так потом нажимаешь, руки прямые...

Мамандардың айтуынша, демалыс күндері қаптаған халық арасынан қай баланың қараусыз жүргенін аңғару қиын. Дегенмен, барынша жағажайды аралап сақтыққа шақыруға тырысады. Тіпті әке-шешесі тура қасында жүрген кішкентайлары қалай су ағызып кеткенін байқамай жатады. Бірі ішімдіктің буымен, енді бірі салғырттық танытады. Ал су ондайды кешірмейді.

Аслан Қапаев, Өскемен қалалық ТЖБ аға офицері: 

- Балалар суда көп шомылғанда аяғы тартылып қалуы мүмкін, соны қадағалау керек. Статистикалық көрсеткіш бойынша 1 минут, тіпті одан да аз уақытта болуы мүмкін баланың суға кетіп, көз алдынан суға кетіп қалуы мүмкін, кей жерлерде судың ағысы қатты болады, аңғармай қаласыздар

Төтенше жағдайлар департаменті бекер дабыл қағып отырған жоқ. Өткен жыл бойына облыста 9 бала суға батып, көз жұмған. Ал биыл жарты жылдың өзінде 7 бүлдіршін судан ажал құшты. Сондықтан құтқарушылар ата-аналарды «аһ» ұрып қалғаннан гөрі абай болуға шақырады. 

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин