Бүгін еліміздегі балықшылар кәсіби мерекесін атап өтуде

Бүгін елімізде балықшылар күні. Сала мамандары жыл сайын шілденің 2-жексенбісінде кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биыл елімізде алғаш рет Үкіметтің Қаулысымен Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Қазір осы салаға бет бұрған өңірдің бірі - Түркістан облысы Шардара ауданы. Бұл аймақтың балық өсірудегі межесі қандай?

Бұл шағалалы Шардара! Балықшылардың сүйікті мекені. Қолы қалт еткен әрбір балықшы бос уақытын осында өткізсе керек. Мұнда жергілікті балықшылардан бөлек сырттан келіп, шатыр тігіп, әбден құмары қанғанша балық аулайтындарды да кездестіруге болады. Балық аулаудың да өз қызығы мен рақаты бар. Біздің айтпағымыз басқа. Көк теңіздің бетіндегі балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жұмысымен танысу. 

- Мотор, қайық, су!!!

Су бетіндегі мына шарбақты шаруашылық осыдан 5 жыл бұрын құрылған. Алғашында судың бетіне тордан 3 арнайы шарбақ қойып, ішіне балық жіберген. Кейін балық шаруашылығы саласын субсидиялау мен мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіптері дөңгелеп, кеңейе түскен. Арайлым Өміртаева осы шаруашылық құрылғаннан бері менеждер болып жұмыс істейді. Айтуынша, шарбақты су бассеиндердің саны қазір 11-ге жеткен. Оның әрқайсында бекіре мен тұқы балықтарының 20 мың шабағы өсіріледі. Жоба құны 150 млн теңге.

Арайлым Өміртаева, балық шаруашылығының менеджері:

- Негізгі жобалық қуаттылығы жылына 400 тонна балық өндіреді. Өсірілген балық Шымкент, Алматы қалаларына тірі күйінде жіберіледі. Тірі күйінде сатамыз. Биылдан бастап Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Өскемен қаласына балық жіберуді жоспарлап отырмыз.

Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар шабақтарға жем беріп, қадағалап отырады. Биыл елімізде алғаш рет Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Мамандардың айтуынша, комитеттің құрылуы елімізде балық шаруашылығы саласын дамытуға серпіліс береді.

Шәкен Боранбай, «Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы» ТО бойынша бөлім басшысы:

- Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігімен өңірлік бағдарлама түзілді. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін жылына 20 мың тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Біз осы балық шаруашылығын дамыту, тоғандық балық асырау, жалпы облыста балық шаруашылығы үлкен серпінді дамып келе жатыр.

Осы бағдарлама негізінде өңірде жылына 12 мың тонна балық шығаратын 8 шарбақтық шаруашылық, балық өңдеу қуаты 15 мың тонна болатын 12 шаруашылық құру көзделген.  5 мың тонна балық өсіретін 71 көл-тауарлы су айдындарын ұйымдастыру тағы бар. Балық өсіремін деушілерге мемлекеттік қолдау қарастырылған. Мәселен, сатып алынған жемге кеткен шығынның 30%-і, ал балық өсіру материалын, дәрілік препараттарды сатып алу, бағалы балық түрлерін көбейту кезіндегі шығындардың 50%-і субцидияланады. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы