424,37 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Табак өнімдеріне қойылған талап көлеңкелі кәсіптің дамуына әкеледі

  • 80
  • UPD: 09:34, 12.07.2021

Алматыдағы дүкендер темекі тізілген сөрелерді арнайы перде, картон қағаз, тіпті кілеммен жауып жатыр.

Бұл – айыппұлдан сақтанудың жолы. Өйткені 500 мың теңге тұратын жабылмалы сөрелер қалтаға салмақ салады дейді кәсіпкерлер. Ал тығырықтан шығудың қарапайым жолдары көзге сорақы көрінеді. Сала мамандары мұндай талап көлеңкелі кәсіптің дамуына әкеледі деген пікірде.

Елімізде 10 күн бұрын темекі өнімдерін дүкен сөрелерінде ашық жарнамалауға тыйым салынды. Мұндағы мақсат табак өнімдеріне деген сұранысты азайту болатын. Бірақ тұрғындар жаңа талаптың аталған тауарға деген сұранысына ешқандай әсер етпейді дейді.

Бір жағынан жапқан да дұрыс, денсаулыққа пайдасы бар. Енді темекі шегетіндер де амалын табады, шеккісі келген адамның аузына қақпақ бола алмайсың. 

Адамдардың сұранысы бар, сол үшін ақша төлеп отыр. Ал оны көрсетпей сату деген ақымақтық. 

Шегетін адам қай жерде тұрса да шегеді ғой, ол магазиндегілерге екі жұмыс болған сияқты. Бәрібір келген адамға ашылады. Магазинде көріп жүрміз ғой.

Қазір елімізде 25 мыңнан аса шағын азық-түлік дүкені бар. Табак өнімдерін сату талабын бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі 180 мыңнан миллион теңге. Мамандардың айтуынша табак өнімдеріне арналған арнайы сөрені сатып алуға көптеген кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Өйткені мұндай бір сөренің құны 500 мың теңге екен.

Светланат Романовская, «Тұтынушылар ұлттық лигасы» қауымдастығы бірлестігінің басқарма төрайымы:

– Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Мысалы, Ресей, Канада және басқа да мемлекеттерде тыйым салынғаннан кейін көлеңкелі кәсіп өршіген. Ресей мұндай талапты 2015 жылы қабылдады. Нәтижесінде, көлеңкелі сауда көлемі 18-ден 35 процентке дейін артқан. Еліміздегі мұндай көрсеткіш қазір 1,2 процент ғана. 2025 жылы 20 процентке дейін артуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай талаптарды, заңдарды ақылмен қабылдау керек.

Аталған бірлестік төрайымы табак өнімдерін дүкен сөрелерінде жасырғаннан гөрі, оны сататын арнайы орындар жасау керек дейді. Әзірге тұтынушылар темекіні тізімге қарап сатып ала алады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

 

Хабар 24 телеарнасы