Қышқала назардан тыс қала ма?

Ықылым заманнан сыр шертетін орта-ғасырлық шаһарлар Сырдың бойында жетерлік.

Соның бірі – Қышқала немесе Баршын кент. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалашық Алтын Орда дәуірінде гүлденіп, ірі экономикалық орталық болған мекеннен құнды жәдігерлер көптеп шығып жатыр. Алайда 2018 жылдан бері зерттеуді жандандырған отандық ғалымдар ескерткіш-қаланың қараусыз қалғанын айтады. Жергілікті салалық мекемелер тарапынан тиісті қорғау шаралары ұйымдастырылмағандықтан шаһар жабайы түрде тоналып жатқан көрінеді. 50 гектардай аумақты алып жатқан көненің көзіндей қастерлі мекенде 8 қырлы медресе, қыш күйдіретін пештердің орны табылды. Археологтар алғашқы қазбаның өзінде-ақ қабырға өрнектері өткір пышақпен қиылып салынған үлкен кесенеге кезіккен. Қалашық ғимараттарының барлығы қыштан қаланғанына қарағанда, мәдени-саяси орталық болғанын бірден байқадық дейді тарихшылар.

Дөкей Тәлеев, тарих ғылымдарының кандидаты:

Қазба барысында 28/20 метр болатын үлкен кесене болғаны анықталды. Кесенеге кірген кездегі орталық бөлік Ахмет Яссауи кесенесіндегі қазандық бөлмесі секілді зиярат етіп, құран оқып, табынатын жер болған. Ал оның қарсы бетінде кесененің иесі болып есептелетін адамның жерасты қабырханасы арт жағымызда тұр.

Тарихшылар Алпамыс батыр өзінің жары Гүлбаршынды осы қалаға қалдырып кеткен деген болжамды айтып отыр. Қазақтың қилы кезеңдерінің куәгер-шаһары бүгінгі таңда қараусыз қалған. Қыштан жасалған ғимараттардың басым бөлігі өткен ғасырдың 50-жылдарында бұзылып кеткен көне қалашық қазір де тоналып жатыр екен. 

Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Мына ескерткіштің зерттелгеніне 3-4 жыл болды, әлі бұған қорғау тақтасы да қойылмаған. Сонда облыстық ескерткіштерді қорғау мекемесі не қарап отыр? Сығанақ пен Сауысқандықтағы тасқа қашалған суреттер бүкіләлемдік ескерткіштердің алдыңғы тізіміне енген. Сол Сауысқандық қазір жермен-жексен болып бара жатыр. Жұрт ескерткішті жоқтан жасайды. Ал біз бай дүниені, атадан қалған мұраны көрсете алмай отырмыз. Облыстық туризм, мәдениет басқармасы осыған жете көңіл бөлетін уақыты өтіп бара жатыр.   

Бірнеше апта бойы зерттеу жүргізген археологтар күннің ысып кетуіне байланысты қазба жұмыстарын аяқтауға мәжбүр. Экспедициялық топ Баршынкентке тамыздың аяғында қайта оралады. Оған дейін тарихи мұра тағы қараусыз қалмақ.

Авторлар: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев