Қымыз – қырық ауруға ем. Ұлттық сусынға сұраныс артып келеді

Қостанай облысында қымыз сатуды кәсіп қылып, нәсібін көріп отырған ауыл бар.

Ол  Құмкешу елді мекені. Бұл ауылда күніне бір тоннадан аса ұлттық сусын даярланады. Еліміздің өзге аймақтарынан осы жердің қымызын іздеп келетіндер де баршылық.

Біз таңғы сауынның үстінен түстік. Күніне бес рет бие сауатын Розаның мойын бұруға уақыты жоқ. Себебі жылқыны тез арада сауып қоймасаң, тыпыршыған құлыннан маза кетеді. Ал Князовтар жанұясы жалпы жиырма бие байлап отыр.

 Роза Князова, Құмкешу ауылының тұрғыны:

– Алты жарымнан тұрып айдап келуге кетеді. Жеті-жеті жарым кезінде байлаймыз. Содан екі жарым сағаттан сауамыз. Мысалы, 40 литрдің бәрін сатпаймыз. Келетін қонақтарымыз бар. Жылқы малын ұстаған адамның үйіне кісі көп келеді деп айтады ғой.

Құмкешу қымызы қоспасыз әрі бұрынғы тәсілмен дайындалады. Отағасы Болат сусынды қайыңмен ысталған күбіге құйып баптайды. Сөйтіп тәулік бойы пісіреді.

Болат Князов, Құмкешу ауылының тұрғыны:

Мен мұны бастағаныма бес жыл болды. Ең бірінші байлағанымда келіншегім аяғы ауыр болып, аурухана түсіп, ауырып қалған. Кәдімгі мына дәретханаға барып келгенде қысымы көтеріліп кететін. Дәрігер күнде біздің үйде. Үлкен кісілер бие сүтінен жақсарады деген ақыл айтты. Содан бие байлап, сүтін ішті. Нәтижесін берді, содан жақсарды. Бие сүті кез-келген дертке ем деп 100 процент кепілдік бере аламын.

Ауылдағы әр бесінші үй қымыз өндірісін кәсіпке айналдырып отыр. Халық күнделікті ұлттық сусынның 700 литрін саудалайды.

Рамазан Рахметов, Құмкешу ауылының тұрғыны:

– Сату 10 жыл көлемінде басталды. Бұған дейін қымыз сату болған жоқ еді. Жалпы өзімізге ішіп тұтыну үшін сауылды.

Қымыз өтімді тауар. Оның үстіне былтырғы ауруларда сұраныс өте көп болған. Жалпы қазақ халқы денсаулыққа пайдалысын білген соң сауған ғой.

Асылан Исмайылов, Құмкешу ауылдық округінің әкімі:

16 үй бие сауады. Ең көбі 34 бие, ең төмені 9-7 биеге дейін сауады. Халық та бір жағынан өзін жұмыспен қамтып отыр.

Нұржан Сейілханов та қымыз сатып, кәсібін дөңгелеткен. Жол бойындағы құмның үстіне киіз үй тігіп, қымызхана ашып қойған. Келушілер ұлттық сусынға шөл қандырып қоймай, қазақтың дастарханынан табылатын сан түрлі тағамдардан да дәм тата алады.

Нұржан Сейілханов, кәсіпкер:

– Өзімде қымыз үшін байлап отырған жылқы жоқ. Сол себепті ауыл тұрғындарынан сатып аламын. Күніне 30-40, кейде 70-80 адамға дейін келеді. Жол-жөнекей Торғай, Арқалықтан, Қостанайдан арнайы келетін адамдар бар. Құмға түсіп, киіз үйде тамақ ішіп, фотоға түсіп кетуге арнайы келетіндер де бар.

Биыл қымызхананың аясы кеңейіп, екінші киіз үй тігілді. Осылайша ауданда этнотуризм кең қанат жайып келеді деуге негіз бар. Алдағы уақытта осы жерде қонақ үй ашылады деген жоспар бар.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров