Ақмола облысының тұрғыны баласына 13 жылдан бері алимент төлемеген

Ақмола облысының тұрғыны баласына 13 жылдан бері алимент төлемеген, деп хабарлады Polisia.kz.

8 шілдеде полицияға Көкшетау қаласының 45 жастағы тұрғыны арыз берген. Әйел өзінің бұрынғы күйеуі 2008 жылдан бері балаларды асырауға қаражат төлемейтінін айтты. Өтініш берген сәтте алимент бойынша берешек 2 259 656 теңгені құрады. Тәртіп сақшылары Красный Яр ауылында алимент төлемеушінің нақты тұратын мекенжайын анықтады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 139-бабының 1-бөлімімен (Балаларды күтіп-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) көзделген сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.

Ер адамға қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды: келу міндеттемесі.

Ақмола полицейлері алимент төлемейтіндерді іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі күні Ақмола облысы бойынша іздестіру жарияланған алимент төлемеушілердің тізімінде 23 адам бар.