Ауылдың жағдайын жақсарту – әкімнің міндеті

25 шілде күні елімізде 700-ден астам ауыл әкімін халық сайлайды.

Осы күні үміткерлерді ұсыну тоқтатылды. Енді оларды тіркеу шарасы жүріп жатыр. Бұл істі сайлау комиссиялары реттейді. Ақмола облысы Шортанды ауданында саяси науқан 4 ауылдық округте өтеді.

Бұл Ақмола облысының Новокубанка ауылы. Шортанды ауданынан 20 шақырым жерде орналасқан. Округте 2 жарым мыңға жуық халық тұрады. Бірер аптадан кейін олар ауылдың жаңа әкімін сайлайды. Бұл лауазымға 3 үміткер таласады. Алғашқысы денсаулығына байланысты жұмыс орнында жоқ, ал екіншісі біздің қоңырауымызға жауап бермеді. Үшінші үміткер - Рахат Мардан. Ауылдың қазіргі әкімі. 9 жылдан бері осы қызметті атқарып келеді.

Рахат Мардан, Новокубанка ауылдық округінің әкімі:

– Ауыл болғаннан кейін оның жағдайын жақсарту – әкімнің міндеті. Ауылдағы халықтың жағдайы қаламен бірдей болуы керек. Яғни сол деңгейде тұруы керек. Атап айтқанда, телефон, жарық, жол мәселесінде кемшіліктер болмау керек.

Елді мекендегі түйткілді мәселенің бірі – инфрақұрылымның жоқтығы. Ауылға баратын жол ескірген. Күрделі жөндеу керек. Ішкі жолдар да жарамсыз. Халық электр энергиясына жиі шағымданады. Ара-тұра сөніп, тұрғындар жарықсыз қалады. Ал бұл - ауылдың мәдениет үйі. 2015 жылы төбесі опырылып құлаған. Кейін орташа жөндеуден өтті. Бұған жергілікті кәсіпкердің көмегі тиген. Дегенмен толық жаңғыртып, өнер ұжымдарын қолдауға қаражат жетіспейді.

Нигара Марияна, мәдениет үйінің директоры:

Біздегі өнер ұжымдары өте талантты. Аудандық деңгейде түрлі байқауларға қатысып тұрады. Бұрын мұнда цирк ұжымы жұмыс істеді. Бірақ жетекшісі зейнетке шығып, тарап кетуге мәжбүр болды. Бізді үнемі кәсіпкерлер қолдайды.

Ауыл тарихында әкім сайлауы бұған дейін де болған. Сонау 1989 жылы. Үміткерлер арасында Людмила Липская да болды. Халықтың басым бөлігі оны қолдап, дауыс берген. Сөйтіп, әкім болып сайланған. Бірақ одан кейін жүйе бірнеше мәрте өзгерді. Тек арада ширек ғасыр өткен соң халық қайта таңдау жасау мүмкіндігіне қайта ие болды.

Людмила Липская, Новокубанка ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

1989 жылдың тамыз айында ауылдық кеңес мені төраға ретінде сайлады. Қиын кезең болатын. Өз бетімізбен шешім қабылдап, әрекет ете алмадық. Жоғарыға көп тәуелді болдық. Қазір ауылда қандай болсын, бюджет бар. Соны кәдеге жаратуға болады. Енді өзіміз әкім сайлауға мүмкіндік алып отырмыз. Өте дұрыс шешім.

Новокубанка - Шортанды ауданы бойынша сайлау өтетін 4 ауылдық округтің бірі. Тұрғындар саяси додада белсенділік танытамыз деп отыр. Үгіт-насихат әлі басталмаса да, кімге дауыс берерлерін біледі. Үміткерлер саны - үшеу. Алдағы күндері олардың кандидатурасын аудандық сайлау комиссиясы бекітуі тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурызбай Құрманғазы