Баласын емшіге апарған маңғыстаулық ата-анаға айыппұл салынды

Маңғыстау облысында 9 жастағы ер баласын сынықшыға апарып, мүгедек қылған ата-ана әкімшілік жазаға тартылды.

Олар 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл жағдай Жаңаөзен қалалық білім бөлімі мен әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айында Қызылсай ауылында оқушы велосипедтен құлап қолын сындырады. Жақындары дәрігерге апарудың орнына емшіге жүгінген. 10 күннен соң шұғыл ауруханаға түскен баланың оң қолы шынтағына дейін кесілді. Таяуда үйіне шығарылды.

Айжақсы Тұржанова, Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Ата-анамен түсінік жұмыстары жүргізілді сол кезеңнен бастап. Айыппұл салынды. Мұның бәрі соттың шешімімен жүзеге асырылды. Көп балалы отбасы екен. Біздің өңірімізде мұндай одан әрі де орын алмауы үшін қорғаншылық-қамқоршылық мамандарымыз, білім саласы бойынша тәрбие жөніндегі мамандар ата-аналармен кең көлемде жұмыстарды жүргізіп жатыр.