Алматыда Думан ықшам ауданындағы тұрғын үй жанынан зиратқа жер бөлінген

Алматыдағы Думан ықшам ауданының халқы зират құрылысына қарсы шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені бейітке деп бөлінген жер тұрғын үйлерге өте жақын тұр. Әсіресе, көп қабатты үйлердің тұрғындары әсем тауға емес, моланың күмбезіне қарап отырамыз ба деп алаңдайды. Бұл мәселе төрт жылдан бері шешілмей келеді. Думандықтар өтініштері аяқсыз қала ма деп қауіптенеді. Ал, әкімдіктің өз айтары бар.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Думан ықшам ауданы тұрғындарының бұл алғашқы жиыны емес. Зират болады деген жерге қоршау орнатылғалы олардан маза кеткен. Талап-тілектерін айтып әкімдікке де сан мәрте өтініш жазған. Бірақ әзірге одан қайран болмай тұр. Айта кетейік, мұндағы көп қабатты үйлер болсын, жер үйлер болсын, дені жаңа. Бұл жерден баспана алғандар да, салғандар да кейін дәл зираттың түбінде тұрамыз деп ойламаған.

Клара Бекенова, қала тұрғыны:

- Үш жыл болды жазбаған жеріміз жоқ. Барлық жерге бардық. Осы жерлерде неше жиналдық. Халық бәрі осыған қарсы. Сондықтан бір шешілмейтін нәрсе мынау. Бізде бірақ сұрақ – осы зиратты болдырмау. Зират болмасын төбелерде. Ол төбешіктер халыққа берілсін. Халық демалсын сонда. Осы мектепке жиналамыз болды. Басқа жерде балалар ойнайтын басқа жер жоқ.

Түймеш Бекбасарова, қала тұрғыны:

- Таудың бәрін бейітке айналдырса не болады? Ауа бұзылады әрине, жел бұзылады. Проблеманы шешетін уақыт жетті ғой, халықты ойлайтын. Оны қайтсе де, алыстан салсын. Алыстан салсын дейміз. Ауа райын бұзбасын.

Думандықтардың алаңдайтын жөні бар. Ондағы тау бөктерінде су шығаратын қондырғы орналасқан. Ал, зират салынуы мүмкін жердің аумағы 92 гектар. Аумақ түгелдей қоршалған. Алматы билігі Кеңсай қорымында орын қалмай бара жатқандықтан, басқа бос жер таппағандықтан, осындай шешім қабылдапты. Бірақ халықтың қарсылығынан соң бұл ойынан айныған сыңайлы.

Әсет Масабаев, Медеу ауданының әкімі:

- Қазіргі таңда Алматы облысымен бірлесе отырып қарастырып жатырмыз жер мәселесін. Оңтайлы шешілген жағдайда мына жердегі мазардың сұрағы толығымен жабылады. Қоршау алынған кезде бірінші кезекте мазардың орнын бекітуіміз керек Алматы облысымен 92 гектарды. Соны анықтап алғаннан кейін заңсыз басып алмауды болдырмау мақсатында оның орнын айқындап алуымыз керек. Бұл жерде саябақ бола ма, этноауыл бола ма? Осыны айқындағанннан кейін жер иесі айқындалғаннан кейін бұл мемлекеттің жерінде болады ғой, содан кейін қоршауды алып тастаймыз.

Аудан әкімінің сөзіне сенсек, зиратқа керек жер қаламен шекаралас Алматы облысының 3 ауданының бірінен бөлінуі мүмкін. Бірақ оның қашан болатыны белгісіз. Қоршаудың мәселесіде дәл солай. Қай уақытта алынатыны беймәлім. Ал, сол қоршалған аумаққа жол салу жұмыстары басталып кетті.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев