423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мұндай қуаңшылық соңғы 50-60 жылда болған емес – Арал шаруалары

  • 123
  • UPD: 23:14, 12.07.2021

Қуаңшылық зардабын тартқан Арал шаруаларына енді жем-шөптің қымбаттауы жығылғанға жұдырық болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан жұрты мал азығына мемлекет тарапынан бақылау мен қолдау болса дейді. Жайылымдар мен шабындықтарды ылғалдандыру жайы да өзекті күйінде қалды.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл – Жаңақұрылыс ауылының маңындағы шабындық жер. «Сырдария толып, осы маңға су жайылған кезде адамның бойындай ну қамыс қаулап өсетін еді», - дейді тұрғындар. Алайда биыл тіршілік нәрі тамбағаннан қу тақырға айналған. «Мұндай қуаңшылық соңғы 50-60 жылдың бедерінде болған емес», - дейді ауылдықтар.

Арал ауданында 15 елді мекенде көк шықпай қалған. Азық іздеген төрт түлік өткен жылғы шөптің тұқылын ғана жеп жүр.

Қуаңшылықтың себебі белгілі. Қыс-көктемде жауын жаумады, Сырдарияда су жоқ. Шаруа қожалық төрағасы Елнұр Елшекеевтің 260 бас малы шығын болғанын айтып отыр.

Елнұр Елшекеев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Ветеринарияның өзінің заңы бар. 4 сағатқа дейін лабораторияға жіберу керек. Енді 48 басты 4 сағаттың ішінде үлгердік, қалғаны 1-2 күн өтіп кеткен, 5-6 сағат. Сондықтан қалған мал тіркелінбей қалды. Өлген малдың шығынын 70% болсын Үкімет төлеп берсе.

Жаңақұрылыс ауылында бүгінде 8 мың бастай төрт түлік бар екен. «Алдағы қыстан шығу үшін бұл елді мекенге 4 мың тонна шөп қажет», - дейді ауыл әкімі.

Биғали Әбдіраимов, Жаңақұрылыс ауылының әкімі:

- Пішен шөптен біз әлі алған жоқпыз. Жоңышқа пресінен ауылдан 9 адам өтініш берген. Бірақ олар жоңышқа пресінің бағасын қымбаттау көріп отыр.

Қазыбек Балымбетов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Ең болмаса жем-шөбіне көмектессе. Бізге жемнің бар жері Қостанай облысы болса, сол жақтағы бағамен жем алдырып берсе. Жол шығындарын өздері көтерсе, сол жақтың бағасымен біз ақшасына алар едік. Қыстан шығу бір бөлек, қысқа дейін жеткізу үшін малды кішкене жансозым болып, қоңдандыру керек қой енді. Осы қалпымен қысқа түссе, ол мал қысқа түсе алмайды да ғой. Қысқа жетпей де қалады, қалатын жерінде.

Бұл мәселелер төтенше жағдай жарияланғаннан кейін шешімін табуы мүмкін. Бірінші кезекте жем-шөпті арзан бағада жеткізіп беру қолға алынбақшы. Сондай-ақ қыста қорада тұратын 205 мың бас малға 184 мың тонна шөп қажет екендігі нақтыланған. «Бұл ретте көрші аудандардан шөп оруға арнайы бригадалар да жасақталып отыр», - дейді мамандар.

Еркін Әбішов, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

- Жоңышқа шөбі Жалағаш, Сырдария ауданынан келетін 1200 теңгеден келеді. Ал басында 600-700 теңгеден сатылады. Сондықтан біз ортада тасымалдайтын кәсіпкерлердің жол шығынын көтергіміз келіп отыр. Жанар-жағармайын. Сол кезде бізге төмен бағада келеді. Сол жергілікті бағамен алғымыз келіп отыр.

Сырдария өзені бойындағы 8 су арнасын тазалау және 7 су тоспасын салу әзірге жоспарда тұр. Шөп шықпай қалған елді мекендерден 15 су ұңғымасын қазу көзделіп отыр. «Бұл шаралар биылғы қуаңшылық мәселелерін шешпегенмен, алдағы жылдары осындай қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», - дейді жауаптылар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы